Қоғам

Адал ұрпақ – ұлт болашағының кепілі

Кез келген дертке қарсы тұрудың тиімді жолы – оның алдын алу. Ал сыбайлас жемқорлықты қоғам дерті деп алатын болсақ, оны болдырмау үшін жастардың бойына адалдық қасиетін мектеп кезінен дарыту қажет. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қазіргі таңда білім ұяларында “Адал ұрпақ” клубтары ашылған. Оның құрамына кіретін ұл-қыздарды ұстаздар сабақтан тыс уақытта жақсылыққа баулиды.

ИННА ДЖАМАЛЕДИНОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы:

— Университетте сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше назар аударылады. Әр студентті емтиханға кірер кезде “QR” код арқылы тексереміз. Тапсырылған жұмыс “Антиплагиаттан” өтеді. Егер көшіру, смартфон қолдану әрекеттерін байқасақ, студент бірден емтиханнан қуылады. Экзаменді қайта тапсыру-тапсырмауын арнайы комиссия шешеді. Тіпті, оқудан шығарылуы да мүмкін.

Қазақ ертеден ұрпағын біреудің ала жібін аттамауға, антқа берік, уәдеге шынайы жүзбен қарауға тәрбиелеген. Ата-бабаларымыздың аманатына қиянат жасамау – бүгінгі ұрпақ алдындағы басты парыз. Елімізде жемқорлық болмаса, дамудың даңғыл жолының көш басында болар едік. Айта кету керек, шараға қатысушы оқушылар ой дәптеріне түйгендерін өз мектептерінде қатарластарына жеткізеді.

САНЖАР ҚОНЫСБАЕВ, “Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

— Мен мектеміздегі “Адал ұрпақ” клубының мүшесімін. Біз бастауыш сынып оқушыларына жемқорлықтың неге әкеп соғатыны жайлы түсіндіреміз. Жастайынан адалдықты жанына серік еткен жас елдің дамуына зор үлесін қосады деп ойлаймын.

Өнегеге толы шараға 60-тан астам оқушы қатысты. Оның тең жартысы – Қызылжар және Жамбыл ауданынан келген ұл-қыздар.

 

Нұрасыл Ахмет