Ел байрағын көкке көтерген спортшыларды теріскейліктер қошеметпен қарсы алды. Қазан айының соңында Түркістан қаласында өткен Әлем кубогы мен Азия чемпионатының жүлдегерлері жастармен кездесті. Шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова мен спорт ардагерлері қатысты. Әлем кубогында жүлделі орын алған жерлесіміз Дмитрий Динер Әлем кубогында қазақ күресінен сынға түскен. 82 келі салмақ дәрежесінде белдескен спортшы төрт қарсыласының үшеуін тізе бүктіріп, жартылай финалда ұтылып, қола жүлдеге ие болған.
ДМИТРИЙ ДИНЕР, қазақ күресінен Әлем кубогының қола жүлдегері:
— Бірінші кездесуде ирандық палуанмен кездестім, қалған екі кездесуде қазақстандық спортшылармен белдестім. Жалпы, жарысқа 10-ға жуық мемлекет қатысты. Барлығы жоғары деңгейде өтті.
Киелі Түркістан төрінде Азия чемпионаты да өтті. Бұл сайысқа төл спортымыздың мәртебесін асқақтатқан спортшымыз Нұрғали Тұрсынғазиев қатысты. 66 келі салмақ дәрежесінде белдескен палуан қарсыластарының барлығының жауырынын жер иіскетіп, алтыннан алқа таққан. Жалпы, айтулы додаға 13 мемлекттен 150-ге жуық спортшы қатысыпты. Қазір спортшылардың демалуға уақыттары жоқ. Алдағы жоспар ауқымды.
НҰРҒАЛИ ТҰРСЫНҒАЗИЕВ, қазақ күресінен Азия чемпионы:
— Келесі айда ел чемпионаты өтеді, сол жарысқа жеңіске жетсең, келесі жылы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік болады. Менің мақсатым – сол бәйгеде үздік атану.
Кездесу соңында жастар спортшылармен естелікке суретке түсіп, қолтаңбаларын алды.
Ақтолқын Солтанханқызы