Мәдениет

Жамбыл ауданында ұлт жанашырының құрметіне кесене орнатылды

Қазақтың Сегіз сері, Қожаберген жырау сынды нар тұлғалары шыққан мекенде тарихи оқиға орын алды. Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының тұсында Сәпі Байтөбетұлына арналып кесене орнатылды. Бұл азаматты осы маңның тұрғындары жақсы біледі. Ол заманында жетім-жесірге пана болып, елге жомарттығымен танылған.

БЕКТАС ТЫРҚАЕВ, Сегіз серінің ұрпағы:

— Сәпі Байтөбетұлы Айымжан көлінің жағасында өмір сүрген. Атамызды Сәбит Мұқановтың өзі шығармаларына қосқан.

Тарихқа көз жүгіртпей, бүгінге аяқ басу мүмкін емес. Сәпі Байтөбетұлы бала күнінде ата-анасынан айырылған. Оны аталас туысы ақын, батыр Сегіз сері асырап алады. Өз балаларынан кем көрмейді. Бар жақсыны бойына сіңірген азамат еңбекті, адалдықты ту етеді. Осы қасиеттерінің арқасында халыққа сыйлы болған. Мал шаруашылығымен айналысқан, үйір-үйір жылқы ұстаған. Сәпі Байтөбетұлы жайлы көбі біле бермейтін деректерді өңірге танымал өлкетанушы Дәстен Баймұқанов ой дәптеріне түртіп алыпты.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, өлкетанушы:

— 1894 жылы Жамбыл ауданына Ресейден бірнеше отбасы көшіп келген. Оларға Сәпі Байтөбетұлы пана болған. Азамат келген жандарға ат, өгіз беріп, екі қолдарына бір күрек тауып берген.

Сәпі Байтөбетұлының Құсайын, Мұсайын, Рамазан және Иса атты төрт ұлы болған. Олар да әкесінің жолын қуыпты. Бірақ, барлығы солақай саясаттың сойылын татып, репрессияға ұшырайды. Қолдарындағы бар малын елге таратып, амалсыздан Ресейге қоныс аударған. Ұрпақтары әлі де көрші мемлекетте тұрып жатыр.

ҚАЙЫРБЕК МҰСАЙЫНОВ, Сәпі Байтөбетұлының ұрпағы:

— Әкелеріміз де мал шаруашылығымен айналысқан. Мыңға жуық қара мал мен 500-ге жуық жылқымыз бар.

Айта кету керек, құрылыс жұмыстарына 2 айға жуық уақыт кеткен. Тарихи нысанның биіктігі 12 метрді құрайды.

 

Мәдина Қаби