Қоғам

Татарстанда теріскей таланттары өнер көрсетті

Өткен аптада теріскей таланттары да Татарстанда болды. Қазанда Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері өтті. Ауқымды шара аясында көпшілік «Мағжан Жұмабаев», «Ботай – Ұлы дала мәдениеті», «Литературный небосклон Казахстана» атты көрмелерді тамашалады. Татарстанға Ақан Сері атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы да барды. Олар «Мағжан елінен – Қазан төріне» атты гала-концерт апарды. Сахнада ұлттық болмыс, мол мұрамыз бен креатив көрініс тапты. Мысалы, атақты «Sensitiv» би театрының мүшелері іс-қимылдарымен Абайды танытты.

Талай дүлдүл туған өңіріміз – таланттар мекен. Мұны татар халқы білді. Қонақжай бауырлар ризашылықтарын білдірді.

ЛЕНАР ХАКИМЗЯНОВ, Татарстан Республикасы мәдениет министрінің орынбасары, РФ:

— Осы мәдениет күндері, бүгінгі кеш арқылы біз бір-бірімізге қаншалықты жақын екенімізді ұғындық. Қазақстан – бауырлас ел. Тарихымыз бар. Ендігі міндет – бірлесе алға басу. Гала-концертке келсек, өте жоғары деңгейде өтті. Қазанда тұратын қазақ ұлтының өкілдері келіп, қолдау көрсетті. Бұл – тамаша көрініс. Қонақтарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қазанда қазақтың әні қалықтады, қазақтың өнері паш етілді. Өнерпаздарымыз кешті “Атамекен” әнімен аяқтап, зал толы көрерменді тік тұрғызды.

 

Байболат Құлтанов