СҚО әкімдігі

СҚО мен Татарстан: Ортақ мақсат жолында

Екі елдің бизнес өкілдерімен өткен кездесуде ірі инвестициялық жобалар талқыланды. Солтүстікқазақстандық инвестор «Радуга» компаниясы саңырауқұлақ өсіретін ферма мен компост зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 11 млрд теңгеден асады.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлікті дамыту және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

— Арнайы экономикалық аймақ аумағында «CLAAS» сияқты әлемдік деңгейдегі ауыл шаруашылығы техникасын жинақтайтын, «Alageum Electric» холдингінің трансформатор шығаратын, финдік «Sampo» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін және түрік компаниясы «Nord Panels»-тың ламинатталған фанера шығаратын зауыттары секілді 5 жоба табысты іске қосылды. Бүгінде Ресей Федерациясынан серіктестеріміз – Челябі қаласындағы «УралТранс» және Мәскеудегі «Химпром» компанияларымен жалпы құны 74 млн АҚШ долларын құрайтын екі кәсіпорынның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл – жүк көтергіш жабдықтар мен ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін өндіретін жобалар.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында облыс аудандарында жаңа субаймақтар құру туралы шешім қабылданды. Солтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешен, қайта өңдеу, білім, мәдениет және бизнес салаларында бірлескен бастамаларды дамытуға зор әлеуетке ие.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Солтүстік Қазақстан облысы – бірқатар бәсекелестік артықшылықтары бар агроөнеркәсіптік өңір. Аймақтың географиялық орналасуы қолайлы, ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуеті жоғары. Сондай-ақ, теміржол және автокөлік магистральдарын қамтитын ірі логистикалық тораптарға қолжетімділігі бар.

СҚО делегациясы Татарстанның ірі кәсіпорындарын аралады. Қазан май комбинаты – Ресейдегі май өңдеу саласындағы ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Солтүстікқазақстандықтар өндіріс ауқымына, еңбек үдерісін ұйымдастырудың заманауи деңгейіне және сапаның жоғары стандарттарына ерекше назар аударды. Делегация барған ерекше орындардың бірі – Иннополис қаласы. Бұл Татарстандағы ақпараттық технологиялар саласының орталығы ретінде нөлден бастап салынған, бағдарламашылар мен инженерлерге арналған заманауи қала.

ДМИТРИЙ ШАРАПАЕВ, «Радуга» ЖШС бас директоры:

— Татарстан – өнеркәсібі жақсы дамыған, 4 млн-нан астам халқы бар өңір. Біз Ресей мен Татарстан нарығында қазақстандық өнімді ілгерілету жөнінде меморандумға қол қойдық. Бұл бағыттың болашағы зор деп есептейміз.

«Химград» индустриялық паркі – заманауи өндірістік инфрақұрылымға ие инновациялық алаң. Солтүстік Қазақстан облысында да осындай баламалы жоба бар – «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы. Бұл инвесторларға дайын инженерлік желілер мен ыңғайлы логистикасы бар аумақтарды таңдауға мүмкіндік береді.