Іссапар барысында ерекше назар бизнес-бастамалар мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға аударылды. Солтүстікқазақстандық делегация Татарстанның инвестициялық даму агенттігінде болды. Бұл агенттік – инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау ісінде табысты тәжірибеге ие ұйым ретінде танылған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Біз, мінекей, келіп отырған алғашқы нысанымыз – сіздерсіздер. Бізге мұнда жаңа ғана ұсынылған таныстырылымдық материалдар өте қызықты болды. Жалпы, Татарстан экономикасының қарқыны бүгін сөз жүзінде емес, іс жүзінде байқалады. Аймақ – Ресей Федерациясында көш бастап тұрған өңірлердің бірі.
Бұл сапар түрлі салаларда тәжірибе алмасуға және өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылауға мүмкіндік берді.
ТАЛИЯ МИНУЛЛИНА, Татарстан Республикасы инвестициялық даму агенттігінің басшысы, РФ:
— Облыс экономикасында өсім бір ғана бағытта емес, бірнеше салада қатар жүріп жатқаны нақты байқалады. Дегенмен, инвестицияны қажет ететін жобаларды таныстыру да маңызды. Солтүстік Қазақстан облысына Татарстаннан инвестор тарту үшін өңірдің инвестициялық әлеуеті мен нақты ұсыныстар топтамасы көрсетілген каталог қажет.
Негізгі салалардың тұрақты өсімі мен өңірдің инвестициялық әлеуетінің артуы жағдайында 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. Соңғы үш жылда өңірге 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Еліміз бойынша ауыл шаруашылығына тартылған барлық инвестицияның 13 пайызы біздің өңірге тиесілі. Сонымен қатар, облыс аграрлық аймақтар арасында еңбек өнімділігі ең жоғары өңір саналады – бір жұмысшыға шаққанда 11,9 мың АҚШ долларынан асады. Өңірде 9,8 млн гектар ауыл шаруашылығы жері игерілген, оның 5 млн-ы – еліміз бойынша ең жоғары бонитет баллы бар егістік алқаптар.
Кәсіпкерлер қауымдастығының кездесуінде жергілікті өнімдерді «Қазан» агропроөнеркәсіптік паркіне жеткізу жөнінде келісімдерге қол қойылды. Бұл шаралар экономикалық байланыстарды нығайтып, өңіріміздің брендтерін халықаралық нарыққа шығаруға ықпал етеді. Одан бөлек бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды:
– СҚО әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы келісім;
– Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен СҚО әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы арасында;
– «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы мен «Химград» акционерлік қоғамы арасындағы келісім;
– EMC Agro компаниясы мен «Таврос» КТ арасында;
– «Авагро» ЖШС мен «Гидроторг» ЖШҚ арасындағы келісім;
– Инвесторларға қызмет көрсету және инновацияларды қолдау орталығы мен «Данафлекс-НАНО» ЖШҚ арасындағы келісім;
-«Радуга» ЖШС мен «Болашақ» ЖШҚ арасындағы келісім.
Тараптар бұл кездесудің екі өңірдің іскерлік және өнеркәсіптік байланыстарын одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.