Демалыс күндері Петропавлда волейбол лигасы бастау алды. Жарысқа қатысушылар – әдеттегідей кәсіби спортшылар емес, қала мектептері оқушыларының ата-аналары. Олар енді наурыз айына дейін кім мықтыны анықтайтын болады. Айта кету керек, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған сайыс М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде өтіп жатыр.
ЗУХРА АУҒАНБАЕВА, М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі директорының орынбасары:
— Шара арқылы ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтқымыз келеді. Жарысқа қатысуға аудандағы білім ұялары да қызығушылық танытуда.
Ашылу салтанатынан кейін көптен күткен ойын да басталып кетті. Бірінші болып алаңға М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі мен қалалық №26 орта мектептің ата-аналары шықты. Жарыс ережесі бойынша алаңға 4 ер адам мен 2 әйел шығуы тиіс.
Ойын тартысқа толы болды. Тордың екі жағындағы командалар бір-біріне дес бермеді. Мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, қарсыластың алаңына допты шегеше қадады. Жойқын соққылар мен қарсы тосқауылдар жарыстың көркін қыздырды.
ЕРДӘУЛЕТ ЖОЛАНОВ, ата-ана:
— Бұл жарыс бізге жаңа таныс пен дос табуға мүмкіндік береді. Одан қалды, демалыс күнгі уақытымыз да босқа кетпейді.
Ата-аналар сайысына барлығы 14 команда қатысуда. Олар үш топқа бөлінген. Әр топтан екі құрама келесі кезеңге шығып, бас жүлдені сарапқа салады. Жеңімпаз бен жүлдегерлер наурыз айында бағалы сыйлықтарға ие болады.
Нұрасыл Ахмет