Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған өңірдің ресми және іскерлік делегациясы Қазан қаласында іссапармен болды. Арнайы шақырту жолдаған Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов ат терлетіп жеткен құрметті қонақтарды жылы қарсы алды. Құшағы ашық солтүстіктегі құдайы көршіміз – сенімді серіктес. Арадағы алыс-беріс көлемі ұлғайып келеді. Негізгі көрсеткіштерге өңір жетекшісі бетпе-бет кездесу барысында тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Біздің өңірлер арасындағы өзара сауда көлемі жылдан жылға өсуде. Соңғы 5 жыл ішінде СҚО мен РФ арасындағы тауар айналымы 1,6% ұлғайып, 694 млн АҚШ долларын құрады. Мен Мемлекеттердің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге халықтар достығы үшін алғыс айтқым келеді. Біздің Президенттердің өзара қарым-қатынасы қос елді одақтастықтың, өзара іс-қимылдың өте жоғары деңгейіне шығарды. Бұл қазіргі таңда біздерге де, сіздерге де аса қажет дүние.
Ресми кездесу барысында өңірлер арасындағы өнеркәсіп, инвестиция және инновациялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Жоспар ауқымды. Арадағы стратегиялық байланыс, достық қарым-қатынас тараптарды бірлесе жұмыс істеуге әкелмек.
РУСТАМ МИННИХАНОВ, Татарстан Республикасының Раисы, РФ:
— Біз өз кезегімізде бастамаларды, оның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға күш салуға даярмыз. Осы сәтті пайдалана отыра қонақтарымызды 25 қазан күні тойланған Республика күнімен құттаймын. Бауырлас Қазақстанның дамығанын, гүлденгенін қалаймыз. Үлкен делегация келді. Бұған біз өте қуанамыз. Сапарларыңыз жайлы Президентеріңізбен кездесу барысында айтамын.
Келелі кездесу Солтүстік Қазақстан облысы мен Татарстан арасындағы әріптестік меморандумдарына қол қоюмен жалғасты. Маңызды құжаттар цифрландыру, инновациялар мен бизнес-серіктестік бағытын дамытуға серпін бермек.
РУСТАМ МИННИХАНОВ, Татарстан Республикасының Раисы, РФ:
— Қазанда Қазақстанның Бас консулдығы бар. Ол жобаларды жүзеге асыруға зор қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, Астанада біздің өкіліміз Денис Валеев еңбек етеді. Астана мен Алматыға тікелей рейстер ашылған. Келешекте өңірлер арасындағы әуе байланысын бекіту қажет.
Айта кетейік, Қазанға жасалған іссапар Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Дәурен Абаев пен Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Искаковтың қолдауымен жүзеге асты.
Байболат Құлтанов