Астанада “Қазақстан – академиялық білім аймағы” атты стратегиялық серіктестіктер форумы өтті. Алқалы жиында халықаралық деңгейдегі сарапшылар білім мен ғылым саласындағы маңызды мәселелерді талқылады. Басқосуға қатысқан Мемлекет басшысы жергілікті білім ордалары шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыста болуы керектігін жеткізді. Бұл бағытта ауқымды іс атқарған Қозыбаев университетінің жұмысын жоғары бағалады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің басты міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру. Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технологиялар әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі, елімізде күкірттің қоры мол. Аталған бастама химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткілдердің шешілуіне түрткі болады.
Форумда сөз сөйлеген жергілікті университеттің ректоры Ербол Исақаевтың баяндауынша, білім ордасында 1200-ден астам студент оқиды. Биыл алғаш рет 31 ұл-қыз қосдипломдық бағдарлама аясында диплом алады. Оқу орнында жүзеге асып жатқан тың жобалар облыстағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ Басқарма төрағасы-Ректоры:
— Аризона университетімен ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – агрогеномика және биоинформатика. Қозыбаев университетінің базасында биоинформатика мектебі іске қосылды. Онда мамандар студенттерге геномдарды құрастыру технологияларын үйретеді. Бұл зерттеу бидай мен күріштің жаңа төзімді сорттарын әзірлеуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – аймақта ел экономикасының, аграрлық секторының және экологиясының нақты міндеттерін шешетін толыққанды ғылыми-инновациялық орта құру.
Елордада өткен форум еліміздегі жоғары білім саласының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Нұрасыл Ахмет