Жылулық көрініс тапқан жиын! Явленка ауылында “Есіл ауданының мүгедектері” қоғамдық бірлестігінің 15 жылдығына орай шығармашылық фестиваль өтті. “Әртүрліміз – теңбіз” атты шараға тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандар, жергілікті өнерпаздар қатысты. Ізгілік пен достық, түсіністік пен шынайы қуанышқа толы шарада үлкен де, кіші де мәз-мейрам болды. Сахнаға шыққан жерлестеріміз аспаптарда ойнады, әсем ән шырқады, мың бұрала би билеп, мерейтойдың сәнін келтірді.