Спорт

Петропавлда орман шаруашылығы қызметкерлерінің арасында спартакиада өтті

Петропавлда орман шаруашылығы қызметкерлерінің арасында спартакиада өтіп жатыр. Спорттық шара табиғат жанашырларының кәсіби мерекесіне арналып ұйымдастырылған. Волейбол бәсекесіне 4 команда қатысуда. Сайысқа кіл мықтылар жиналды деп айтсақ болады. Себебі, бұған дейін әр ауданда іріктеу сайыстары өткізіліпті. Мұнда басты фаворит – табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құрамасы.

ҚУАН ЕСІМОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
— Волейболмен мектеп кезінен айналысамын. Жарысқа жарты жыл бойы дайындалдық. Сайыс өте тартысты өтуде.

Шахмат пен тоғызқұмалақ жарысы да тартысқа толы. Барлығы бір-біріне дес берер емес. Қателіктерін ұтымды пайдалануда.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

— Облыста барлығы – 12 орман шаруашылығы бар. Спартакиада 4 спорт түрі бойынша өтуде. Олар: волейбол, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ. Қызметкерлеріміз тек табиғатты қорғап қана қоймайды, салауатты өмір салтын да берік ұстанады.

Бейбіт Дүйсековтің Мамлют орман шаруашылығында еңбек етіп жүргеніне 13 жылдан асқан. Спартакиадаларға тұрақты түрде қатысады. Азамат осымен 4 жыл тоғызқұмалақтан сынға түсуде.

БЕЙБІТ ДҮЙСЕКОВ, Мамлют орман шаруашылығының орманшысы:

— Тоғызқұмалақты Кеңес үкіметі кезінде бір рет ойнағанмын. Осыдан 5 жыл бұрынғы спорттық шарада бірінші рет жарысқа қатыстым. Содан бастап ұлттық спортқа деген қызығушылығым оянды.

Спартакиада 70-ге жуық орманшының басын қосты. Айта кету керек, қазіргі таңда облыста аталған салада 800-ге жуық адам еңбек етеді. Кадр тапшылығы жоқ. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен жалақының өсуі себепші дейді орманшылар.

 

Нұрасыл Ахмет