Маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов, өңір прокуроры Қайрат Әбдіханов қатысты. Халықтың мұң-мұқтажы тыңдалған жиынға әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен басқарма басшылары арнайы шақырылған. Акцияның арқасында тұрғындар түрлі мекеменің есігін қағып, уақыт кетірмей-ақ мәселелерін бір жерде шеше алады.
САЯН АСҚАРОВ, СҚО прокуратурасының басқарма басшысы:
— Іс шараның негізгі мақсаты – азаматтарға тегін заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Шарада әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасыларға ерекше назар аударылады.
Оқушылар сарайына жиналған қауымның қарасы қалың. Олар толғандырған сұрақтарына жауап алды. Шарада тұрғын үй, жер, жеке басқа қатысты сауалдар көп болды.
СЕРСЕМБАЙ МҮСЕНОВ, қала тұрғыны:
— Әкем соғысқа барып, қайтып келмеді. Сондықтан маған өгей әкемнің тегі берілді. Мен оны ауыстырғым келеді.
Прокуратура өкілдері азаматқа қандай құжат жинау қажеттігін айтты. Мәселені шешуге уәде етті. Ал Заречный кентінің тұрғыны Людмила Пыхтина су астында қалған баспанасы үшін әлі өтемақы ала алмай жүр. Қырсық шыр айналдырған нәзікжанды қаржылай көмек алатынына үмітті.
ЛЮДМИЛА ПЫХТИНА, Заречный кентінің тұрғыны:
— Былтыр баспанам өрттің салдарынан толығымен жанып кетті. Балаларым бірден маған сол орыннан жаңа үй салды. Бірақ, құжаттарын рәсімдеп үлгермедім. Баспана су астында қалды. Әкімдікке барсам тиісті құжаттарсыз өтемақы төлей алмаймыз дейді. Не істерімді білмей осы жерге келдім.
Облыс прокуроры Людмила Сергеевнаны жеке қабылдайтынын жеткізді. Шараға 100-ден астам адам қатысты. Талай жыл шешілмей жүрген мәселелерге нүкте қойылды. Айта кету керек, тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалған жиынды прокуратура өкілдері облыстық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырды.
Нұрасыл Ахмет