Құқық қорғау органдары

Қыста трассаны қардан аршитын техника тексерілді

Петропавлда облыстағы жолдардың қысқы күтіміне арналған арнайы техниканың дайындығы тағы бір тексерілді. Басты назар «ҚазАвтоЖол» және «ҚАЖсервис» ұйымдары жергілікті филиалдарының автопаркіне түсті. Бұлар 2 мың шақырымға жуық автожолға жауапты. Әзірлік барысы пысықталған шараға ПД бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұлов та қатысты.

 ҚҰРМАНҒАЛИ ЫСМАҒҰЛОВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:

— Биыл қыс жылы болады дейді. Дегенмен, бізде қар қалың түсуі мүмкін. Төтенше жағдайларға дайын болу керек.

Тәртіп сақшылары жолдарды арнайы тексерістен тұрақты негізде өткізіп тұрады. Жақында күзгі тексеріс аяқталған. Республикалық және облыстық маңызы бар шамамен 4 мың шақырым – бақылауда. Нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 48 нұсқама толтырылыпты.

МӘДИНА ЕРҒАЛИЕВА, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

Қолайсыз ауа райы жағдайларында жұмыс істеу үшін міндетті түрде жол техникасын дайындау жүргізіледі. Жабдықтардың бар-жоғы, жарамдылығы тексеріледі. Осы орайда көлік жүргізушілеріне өз автокөліктерін қысқа алдын ала дайындап, жазғы шиналарды ауыстыру қажеттігін ескертеміз.

Полицейлер апаттылықты төмендету және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында автожолдарда тұрақты түрде патрульдеу жүргізеді. Ережені сақтамайтын, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіретін жандар жетерлік. Биылдың өзінде аймақта 430 апат орын алған. Оның 84-і республикалық маңыздағы жолдарда тіркеліпті. Салдарынан 21 адам қаза тауып, 147 адам жарақат алған.