Бұл – қазыналы қарияларымыз жылулық, махаббат сезінетін жер. Біреу білсе, біреу білмес, Петропавлда “Долголетие” атты орталық бар. Мұнда жалғызбасты немесе жақынынан қолдау сезінбеген аға буын өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрады. Тағы күнделікті келіп-кететін жандар бар. Замандастар орталықта уақытты тиімді өткізеді. Айта кетейік, қарттарың басын біріктірген нысанды ашу үшін кәсіпкер “Даму” қорынан ақша алған.
ЛИЛИЯ ДАНИЛЕНКО, “Долголетие” ЖШС директоры:
— Бірінші орталығымды 2022 жылы аштым. Ал осыдан бір жыл бұрын екіншісінің таспасын қидым. 20 қария тіркелген. Нәзікжандылардың саны басым. 16-сы осында тұрады, 4-еуі үйлерінен келеді. Бұл ғимаратты басында жалдаймын деп ойлаған едім. Кейін нысанның сол кездегі басшысы “Даму” қорының барын айтты. Ойландым, кейін жеңілдетілген қаржы алып, іске кірістім.
Аға буын өкілдері бұл жерде барлығын бірге істейді. 5 уақыт тамақтанады, таңертең жаттығу жасайды, қан қысымын, қант мөлшерін тексереді. Жататын, демалатын орын, теледидар көретін бұрыш бар. Бір сөзбен айтсақ, зейнеткерлер қалталарынан шығатын ақшаға үйдегідей өмір сүреді.
ВАЛЕНТИНА ИВАНОВА, қала тұрғыны:
— Осы маңнан алыс емес жерде жалғыз тұрамын. Жасым 84-ке келді. Үйде жалғызсырап отыратыным жасырын емес. Ал мына жерде адамдармен араласып, көңілім көтеріледі. Қаламызда осындай орталықтың бары бізді қатты қуантады. Не дегенмен денсаулық көңіл-күйдің жақсы болуына байланысты. Осы жерге келгелі денсаулығым да жақсарды. Орталықтың мүшесі атанғаныма өкінбеймін.
Қарттарға туысқандары, достары, балалары қонаққа келіп тұрады. Орталықта 3 тәрбиеші бар. Олар қариялардың жағдайын жасайды. Жүре алмайтындарына қозғалуға көмектеседі, тамақ дайындайды. Өз кезегінде “Даму” кәсіпкерлік дамыту қоры жеке кәсібін бастағысы келетін жандарға әрқашан қолдау білдіруге дайын.
СЕРІКБЕК САРЖАН, “Даму” кәсіпкерлік дамыту қоры” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:
— “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры қазақстандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Қор бизнесін дамытып, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлерге көмек беруге бағытталған.
Жалпы, осы жылдың басынан бері “Даму” қоры кепілдендіру және субсидиялау арқылы 300-ден астам солтүстікқазақстандық азаматтың жобасын қолдады.
Мәдина Қаби