Қоғам

Бескөл ауылында әмбебап дүкен ашылды

Бескөл ауылында танымал сауда желісінің дүкені ашылды. Бұрын бос тұрған нысан қазір тауардың түр-түріне толып тұр. Мұнда азық-түлік те, тұрмыстық және шаруашылық заттар да бар. Бастысы, бағасы қалта қақпайды. Бескөлдіктер сауда орнының ашылуын асыға күткен сыңайлы, таспасын қию салтанатына біраз адам жиылды.

ЕВГЕНИЙ КОТОЛЕВИЧ, сауда желілерін дамыту жөніндегі директор:

Дүкендегі тауардың ассортименті 2 мыңға жуықтайды. Сауда нүктесінде тұрғындарға ең қажетті деген өнімдер бар. Өзіндік жұмыс форматымыз қалыптасқан. Біз сәнді безендіруге, жарнамаларға мән бермейміз. Соның есебінен бағаны барынша төмен деңгейде ұстаймыз. Тауардың 50 пайызы – отандық.

Жаңа дүкеннің ашылуымен жергілікті 10 азамат жұмыспен қамтылды. Олар алғашқы келушілерге қызмет көрсетуде. Халық өте көп. Барлығы нысанды аралап, өздеріне керектіні қарады. Көбі азық-түлік пен тұрмыстық химия алуда. Касса маңында әп-сәтте кезек қалыптасты.

Бұл дүкеннің ашылуы бізге жақсы болды. Қалаға бармаймыз, осы жерден керектіні алатын болдым.
Дүкен жақсы екен. Баға арзан. Жақын жерде орналасқан.
Дүкеннің ашылуы құтты болсын. Өзге дүкенмен салыстырғанда баға төмен екен.

Дүкен дәл жолдың бойында тұр. Бұл бескөлдіктерге де, өзгелерге де ыңғайлы. Жалпы, өңірде сауда желісінің бұдан бөлек 3 нүктесі бар. Оның екеуі – Петропавлда, біреуі Тайынша қаласында орналасқан.