Құқық қорғау органдары

19 жастағы петропавлдықтан ірі көлемде есірткі тәркіленді

Қателігінен сабақ алмаған петропавлдық. Облыс орталығында полицейлер синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен 19 жастағы қала тұрғынын ұстады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп жүргізген іс-шара барысында жалдамалы пәтерден «эфедрон» деп аталатын психотроптық заттың 120 грамнан астамын тәркіледі. Бұдан бөлек, күдікті шаһардың шет жағында орналасқан мекенжайды атады. Ол жерден де аса ірі көлемдегі еліткіш наша анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 276 грамнан асты. Бұған дейін жас жігіт осыған ұқсас қылмыс бойынша жауапкершілікке тартылған. Ескі әдетіне қайта басқан заң бұзушы қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 279-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.