Балалар

Петропавлда “Мамандықтар калейдоскопы” байқауы өтті

Заречный кентінде “Жұмысшы мамандықтар жылына” орай мектеп оқушылары арасында шығармашылық байқау өтті. “Мамандықтар калейдоскопы” атты сайысқа 7 мен 14 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысты. Басты талап – мамандықтарды креативті түрде көрсету.

Түрлі қызметтік киімдегі балалар ән айтып, би билеп, әртүрлі мамандықтарға қатысты өлеңдер оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кішкентай қыздардан құралған “Көңілді аспаздар” тобы байқауға бір жетідей дайындалған. Балғындар бас жүлдені жеңіп аламыз деген үмітте.

СОФИЯ ПОСОХОВА, байқауға қатысушы:

— Біз аспазшы мамандығына қатысты өлең және ән әзірледік. Қыздармен сайысқа жақсы дайындалдық. Еңбегіміз зая кетпейді деген ойдамыз. Үйде анаммен бірге тамақ пісіргенді жақсы көремін. Тәтті тоқаш, құймақ дайындаймыз. Басқа да тағам түрлерін әзірлеуді үйренгім келеді.

Шара өте қызықты әрі тәрбиелік тұрғыда маңызға ие болды. Қатысушылар белсенділік танытып, армандарымен де бөлісті. Бұл байқаудың мақсаты- балаларға мамандықтарды таныстыру, еңбекті құрметтеуге үйрету.

ДАМИР ӘБДИН, қазылар алқасының мүшесі:

— Конкурсқа 14 команда қатысуда. Бір топта 5-6 адам болуы қажет. Балалардың сыни ойлауына, ерекше өнеріне назар аударамыз. Шара арқылы ұл-қыздарға түрлі мамандықтың қыр-сырын түсіндіргіміз келеді. Қазіргі күннен жұмысты, мамандық түрлерін білсе, болашақта алдарына мақсат қоя алады.

Іс-шара соңында үздік өнер көрсеткен оқушылар кубокка ие болды. Ал қалған қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Мәдина Қаби