“Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында Петропавлда кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 20-ға жуық түрлі ұйым өкілі қатысты. Мекеме өкілдері 1200-ден астам жұмысшы іздеп келген.
ТАТЬЯНА АДИЛОВА, “Мансап” орталығының бөлім басшысы:
— Мемлекет тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр. Нақтылай кетсек, жұмыс берушілер кәсіпорында субсидияланатын жұмыс орындары ашылуда. Нәтижесінде мекемелер “Мансап” орталығында тіркелген жұмыссыздарды қабылдай алады. Жұмыспен қамтылған жандардың еңбекақысы толығымен немесе ішінара мемлекет тарапынан “Мансап” орталығы арқылы төленеді.
Өңілдері жұмысшы іздеп келген мекемелердің бірі – Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті. Мұнда басшылық құрамға қатардағы қызметкерлер қажет екен. Болашақ қызметкерлерге бірқатар талап қойылған. Олардың жасы 35-тен жоғары болмауы тиіс. Ер адамдардың бойы 170-тен, әйелдердікі 160-тан кем болмау керек. Бұл салада еңбек етудің өзіндік артықшылықтары да бар екен.
ЖАННА ЖҮСІПОВА, СҚО бойынша ҚАЖД аға инспекторы:
— Біздегі бір айлық қызмет бір жарым аймен тең. Медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Әр отбасы мүшесі үшін пәтерақы беріледі. Бір жанға төленетін қаражат 48 мың 744 теңгені құрайды.
Ұйымдастырушылар шараға 700-ден астам адамды шақырған. Басым бөлігі – “Мансап” орталығында тіркеуде тұрған жандар. Сондай-ақ, жәрмеңкеге биыл оқуын аяқтайтын 200-ге жуық колледж студенті шақырылыпты.
ДАНИЛ СТРАХОВ, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педогогикалық колледжінің студенті:
— Электромонтаждаушы” мамандығына оқып жатырмын. Бүгін өзіме жұмыс қарастырып жүрмін. Әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын. Мүмкін мамандығым бойынша емес, әсери қызметке бет бұрып көремін. Жаңа мекеме қызметкерлерімен тілдестім, нақты талаптарын естідім. Әзірге оқуым аяқталғанша ойлануыма уақытым бар.
Жалпы, бұл – өңірде жыл басынан бері ұйымдастырылған 10-шы бос орындар жәрмеңкесі. Келесі шара қараша айында өтпек. Сөз соңында айта кеткен жөн, “Мансап” орталығының мамандары мұндай жәрмеңкелерді онлайн түрде де өткізіп тұрады.
Ақтолқын Солтанханқызы