Біздің мамандықты таңдап, білім ал және ел игілігі жолында еңбек ет! “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында Достық үйінде жалынды жастарға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Кездесуге бірнеше мектептің оқушылары шақырылыпты.
ДИЛЯРА ХАСАНОВА, “Түрік мәдениеті” ҚБ жетекшісінің орынбасары:
— Бүгінгі шараны “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Мақсат – жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту, қызығушылықтарын ояту, бұл жандар қазіргі қоғамда да маңызды рөл атқаратынын түсіндіру.
Жұмысшы мамандар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда маңызды рөл атқарады. Қоғамды оларды елестету мүмкін емес. Колледждерден арнайы келген студенттер болашақ ізбасарларына жан-жақты ақпарат ұсынды, өздері білім алып жатқан мамандықтары туралы мағлұмат берді. Үйренгендерімен де бөлісті.
АРУЖАН ҚОЖАҚОВА, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:
— Колледжімізде құрылысшы, дәнекерлеуші сынды жұмысшы мамандықтар бар. Онымен қоса, жыл сайын жаңа бағыттар ашылып жатыр. Мәселен, биыл “Менеджмент” мамандығы пайда болды. Алдағы уақытта “Банк ісі жөніндегі маман” мамандығына қабылдау басталады.
Үгіт-насихат жұмыс таныстырумен шектелмеді. Шара барысында оқушылар сұрақтар қойып, жауап алды.
Ақтолқын Солтанханқызы