Өмірде екі нәрсені таңдаудан қателеспеу қажет. Соның бірі – мамандық таңдау. Қазіргі таңда облыс мектептерінде оқушылардың дұрыс бағытты таңдауы үшін кәсіби бағдар берушілер жұмыс істейді. Яғни, ұл-қыздардың болашағы жарқын болуына осы мамандардың қосар үлесі зор. Бағыт-бағдар беруші жандардың білім деңгейі жоғары болуы тиіс. Сол мақсатта Петропавлда семинар өтті. Маңызы зор басқосуға спикер ретінде қатысқан Әлібек Наушарбанның үлкен өмірге қадам басқалы жатқан қыз-жігіттерге айтары көп.
ӘЛІБЕК НАУШАРБАН, Ә.Досмұхамбетов атындағы ОДБМГИ кәсіби бағдар берушісі:
— Мен оқушыларға 4 бағытты ұсынар едім. Олар: мұғалімдік, дәрігер болу, заңгер және әскери сала.
Мамандық таңдау – әр адамның өмір жолын анықтайтын шешуші сәт. Себебі, қазір қолында дипломы болса да жұмыссыз жүрген жандар аз емес. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында кәсіби бағдар беру жүйесін одан әрі дамыту қажет.
МАРЖАН ИСЕКОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің кәсіби бағдар берушісі:
— Біз оқушыларға кеңес берер алдында алдымен оның қарым-қабілетіне баса назар аударамыз. Кәсіби бағдар беруші ретінде балаларды түрлі өндіріс орындарына апарамын.
Бүгінгі семинар тек тыңдау форматында өткен жоқ. Мамандар өз ойларын айтты, пікір-талас жүргізілді. Араларында спикерлердің ойымен келіспейтіндері де аз болмады.
Нұрасыл Ахмет