Қоғам

Әлеуметтік ұстаздарға арналған семинар

Петропавлда әлеуметтік ұстаздар үшін семинар өтті. Облыстық деңгейдегі маңызды жиынға жергілікті және Қызылжар, Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Аққайың ауданының мамандары қатысты. Олар үшін пайдасы зор бір күндік бағдарлама әзірленген.

СӘБИНА ЫСҚАҚОВА, “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі жобасының үйлестірушісі:

— Шараға шақырылған ұстаздар инклюзивті білім беру бағытындағы өздерінің құқықтарымен, міндеттерімен танысады. Сонымен қатар, интерактивті тренинг әзірленді. Мұнда білікті мамандарымыз әртүрлі мысалдарды алға тартып, қонақтарымыздың біліктілігін арттырады. Біз бұған дейін Тайынша, Есіл ауданында және Сергеевка қаласында болдық. Әр сапарымызда мұғалімдермен, оқушылармен кездестік, “Маған бірдей қара” тақырыбында сынып сағатын өткіздік.

Күзгі демалыста біліктілік арттыруды жөн көрген педагогтерге «Облыстық психологиялық-педагогикалық консультация» мекемесінің әдіскерлері білім берді. Олар жаңашылдыққа назар аударған.

ҒАЛИЯ ЕБІШЕВА, «Облыстық психологиялық-педагогикалық консультация» КММ әдіскері:

— Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бірнеше жаңа көмекші құрал шығарды. Олар әртүрлі жағдайдағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту жұмысын ұйымдастыруға арналған. Яғни, сиясы әлі кеуіп үлгермеген еңбектер ұстаздарды жаңашылдықтарға итермелейді. Бүгін соған сүйене отыра ақыл-кеңес береміз. Мұғалімдер үйренуге құлшыныс танытып отыр. Біз қолдан келгенше диалог құруға дайынбыз.

Салмақты ой, маңызды ақыл-кеңес айтылған жиында ата-аналарды қолдау жайы да сөз болды. Көп жағдайда ерекше бала тәрбиесіндегі жандар психологиялық соққа алады. Оларға демеу ауадай керек.

ӘСЕЛ ЫБРАЕВА, Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейдің әлеуметтік ұстазы:

— Ата-анаға ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеу қиын. Олар психологтармен жұмыс істеуі керек.

Әлеуметтік ұстаздар үшін ұйымдастырылған облыстық семинар соңында мамандарға көмекші құралдар ұсынылады. Еңбектерді мұғалімдер өз жұмыстарында қолдана алады.

 

Байболат Құлтанов