Бұл – Алматы көшесі бойындағы 38-ші үйдің жанынан өтетін жылу трассасы. Көріп тұрғандарыңыздай, құбырдың айналасын қоқыс басқан. Осы маңайда тұратын тұрғындардың сөзінше, аумақтың тазаланбағанына 7 жылдың жүзі болыпты. Галина Кашинаның мәселені шешу үшін бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Бірақ, төңіректі тазалатпақ түгілі жауаптыларды анықтау мүмкін болмаған.
ГАЛИНА КАШИНА, қала тұрғыны:
— Несін жасырайық, мына күл-қоқыстың барлығы үй-күйі жоқ адамдардан қалған. Олар осы жерде әңгіме-дүкен құрады, ішімдік ішеді, ұйықтайды, қоқыстарын тастайды. Ал зардабын қарапайым тұрғындар көреді. Әкімдікке де бардық, учаскелік инспекторға да хабарластық. Бірақ, мәселе шешілмеді. Полицейлер келіп, оларды алып кетеді, бірер күннен кейін қайта пайда болады.
Қарап тұрсақ, бұл – қаланың қақ ортасы. Жағымсыз көрініс жайлы белгілі. Иісі – жалпақ жұрты алаңдататын тағы бір мәселе. Аймақта қаңғыбас иттер де қаптап кеткен. Тұрғындар бәрінен бұрын мектепке баратын балалары үшін қатты алаңдайды
РУСЛАН САЛЬКАЕВ, қала тұрғыны:
— Жылу трассасының аумағында талай мәрте өрт оқиғасы да орын алды. Әйтеуір, қазір күн суытып, келуші адамдардың саны азайды. Иіс те бұрынғыдай шықпайды. Күн ыстықта шыдай алмай терезе ашқымыз келеді. Бірақ, бұл мүмкін емес. Шыны керек, не істерімізді білмейміз.
Мәселенің мән-жайын білу мақсатында алдымен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. Әкімдіктегілер бұған “Жылу энергетикасы туралы” заңының 120-бабы 9-тармағы бойынша “Петропавл жылу желілері” серіктестігі жауапты екенін жеткізді. Аталған кәсіпорынға жүгіндік. Олар біз тек баспаналарды жылумен қамтамасыз етумен айналысамыз деген пікір қалдырды.
Нұрасыл Ахмет