Қоғам

СҚО-да әкімшілік жауапкершілікке тартылған жандарға 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған

Облыстық прокуратурада заңдылықты, қоғамдық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етуге бағытталған үйлестіру кеңесі өтті. Алқалы жиынға өңір жетекшісінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен басқарма басшылары және тәртіп сақшылары қатысты. Отырыстың шымылдығын облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов ашты. Оның сөзінше, биыл аймақта әкімшілік құқықбұзушылықтардың саны артқан.

ҚАЙРАТ ӘБДІХАНОВ, Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:

— Биыл облыста 227 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға көп. Тұрғындарға 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 77 пайызы ғана өндірілген. Осы жұмысты да қолға алу қажет.

Қайрат Әбдіхановтың сөзінше, қазіргі таңда кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік органдар мен полицейлерден қысым көріп жүр. Яғни, лауазымды тұлғалар прокуратораның келісімінсіз кәсіпорындарға тексеріс жүргізген. Заңсыз жайттар өңір аудандарында көптеп кездеседі. Қадағалау органы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 238 тексеру шарасын жүргізген. Нәтижесінде 65 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылыпты.

РИЗВАН ЮСИБОВ, СҚО прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

— Әр инвесторға прокурор бекітілген. Жыл басынан қалталы азаматтардың 20-дан астам мәселесін шештік. Олар прокурорлармен кездесіп, мәселелерді талқылайды. Біз іскер азаматтарға жұмыс соңына жеткенше дейін көмек көрсетеміз.

Алқалы жиын барысында цифрлық жобаларды қолдану аясын кеңейту қажет делінді. Айта кету керек, үйлестіру кеңесіне аудан әкімдері мен прокурорлары да қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет