Мәдениет

Шоқан Уәлихановтың дүниеге келгеніне – 190 жыл

“Даланың жарық жұлдызы”. Осындай атаумен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай жиын өтті. Тағылымдық шараға зиялы қауым өкілдері, ҰҰ Академиясының курсанттары, университет студенттері мен оқытушылары қатысты. Қостанай өңірінде дүниеге келген асылдың шын есімі – Мұхаммед Қанафия. Әжесі немересін еркелетіп Шоқан деп атап кеткен. Жүздесуде қазақтың ұлы ғалымы, тарихшысы туралы біраз мағлұмат айтылып, оның өмірі мен өнері жайлы баяндалды.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы-журналист:

— Шоқан – қазақтың ұлы ғалымы, бірінші ғалымы ретінде әрқашан құрметтеледі. Бүгін 190 жылдығын атап өтіп отырмыз. Барлық қалада Шоқанның атындағы көшелер бар.

Географ, этнограф Шоқан Уәлиханов бала кезінен аңыз-әңгімелерге, тарихи жайттарға қызыққан. Жастайынан данагөй билердің әңгімелерін, ақындардың өлең-жырларын зор ықыласпен тыңдап өскен. Оның шығармалары әдебиетке байланысты ғана емес, психологияға да арналған.

ЗЫЛЫЙҚА БИМАҚАНОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры:

— Шоқан шығыстың жарық жұлдызы ретінде қазақ халқының тарихына, салт-дәстүріне ерекше назар аударған. Аз ғана уақыт өмір сүрсе де артынан біраз еңбек қалдырды.

Шарада Шоқан Уәлиханов жазған шығармалар да көрмеге қойылды. Кітапхана мамандарының сөзінше, жарқ еткен жұлдыздай болған асылымыздың шығармалары тұрғындар арасында сұранысқа ие.

 

Мәдина Қаби