Биыл Қазақстанда МӘМС туралы заңға маңызды өзгерістер енді. Қазір онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесінен табылады. Яғни, адамдар үшін аса маңызды жәрдем ақысыз негізде көрсетіледі. Тарқатып айтсақ, онкоскрининг – аурудың айқын белгілері жоқ пациенттерді қоса алғанда, халықтың онкологиялық ауруларын ерте анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені.
АЙНАГҮЛ ДАВЛЕТЧИНА, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының директоры:
— 2025 жылғы 21 қазандағы жағдай бойынша МӘМС жүйесінде 91 038 адам сақтандырылмаған. Бүгінгі таңда бұл медициналық тексеру сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін қолжетімді.
Облыста соңғы 8 айда 52 мыңнан астам адам онкологиялық скринингтен өтті. Ол үшін қордан 313 млн теңгеден астам қаражат аударылды. Мысалы, облыста сүт безі обырына – 17 мыңға жуық, жатыр мойнына – 12 мыңнан астам, колоректальды ісікке 23 жарым мың жерлесіміз тексерілді. Айта кету керек, 30 жастан асқан әйелдер жатыр мойны обырын анықтау үшін онкоскринингтен өтуі міндетті. Сонымен қатар, бұл тізімге онкологияға тұқым қуалайтын бейімділігі, созылмалы аурулары бар немесе зиянды заттарды тұтынатын адамдар енеді.
АЙНАГҮЛ ДАВЛЕТЧИНА, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының директоры:
— Бұл профилактикалық тексерулер ауруды алғашқы белгілері пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді. Адам өзін сау сезінуі мүмкін. Ал бұл тексерулер қауіпті патологияларды ерте сатысында анықтауға және емдеуді уақытында бастауға көмектеседі.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап 325 млн теңгеге 58 мыңнан астам адам профилактикалық тексеруден өтті. Қоса кету қажет, облыста қант диабетін, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, глаукоманы, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға арналған скринингтер 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін 2 жылда 1 рет тегін жүргізіледі.
Мәдина Қаби