СҚО әкімдігі

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

Өткен кезеңде өнеркәсіп және кен өндіру көлемі 16 пайызға артты. Құрылыс саласында да өсім байқалады.

ҚАЗБЕК ОРЫНБАЙ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

— Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ауданы 168,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өсім – 2,8 пайыз. Мамлют, Айыртау, Аққайың және Тимирязев аудандарында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ал Тайынша ауданында көрсеткіш 19 пайызға төмендеген.

Аймақ басшысы теріс көрсеткіштерге жеке тоқталды. Инвестициялар көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 366 млрд теңгеге көбейді. Дегенмен, теріс динамика байқалатын аудандар да бар.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Жеке инвестиция тарту бойынша Аққайың ауданында көрсеткіш төмен – 8,5%. Бұл ауданда нақты көлем индексі бар-жоғы 91,5 пайызды құрайды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қажетті жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды. Одан кейін жиын денсаулық сақтау мәселесіне арналды. Өңірде 19 аурухана және 500-ге жуық амбулаториялық-емханалық ұйым жұмыс істейді. Соңғы 9 айда кадр тапшылығы дәрігерлер арасында 15 пайызға, орта медициналық қызметкерлер арасында 30 пайызға азайды.

СӘКЕН ӘМРИН, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

— Сіздің қолдауыңызбен биыл 28 нысанның күрделі жөндеуіне 2,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі республикалық 62,4 пайыз көрсеткішіне дейін төмендейді деп күтілуде.

2025 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне 300-ден астам өтініш түсті, олардың 150-і қаралды. Оның 84 пайызы – медицина саласына қатысты. Ғауез Нұрмұхамбетов онкологиялық орталықта болған жағдайды да назардан тыс қалдырмады. Ашық есік күніне шақырғанына қарамастан, тұрғындардың кейбірі дәрігер қабылдауына кіре алмаған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Таңғы сағат 7-ден бастап кезекке тұрған әйелдер болды, қабылдауды тек екі дәрігер жүргізген. Ауылдардан келгендердің басым бөлігі еш нәтиже алмай қайтқан.

“Мұндай жайтқа жол берілмеуі тиіс. Әрбір пациентке сапалы қызмет көрсетілуі керек”, – деді облыс әкімі. Ол сондай-ақ жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды. 1-ші қазаннан бері жеке тұрғын үйлер секторында 28 өрт тіркеліп, 5 адам көз жұмған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Әсіресе жағдайы төмен отбасыларды ерекше бақылауға алу қажет. Азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, адам өлімін барынша азайту – біздің басты міндетіміз. 15 қыркүйектен бері халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 4 мыңнан астам қауіпсіздік құрылғысы орнатылды, алайда олардың тек 1200-і ғана – улы газды анықтайтын датчик. Қосымша тағы мыңнан аса датчик орнату қажет. Мамлют, Есіл, М. Жұмабаев, Жамбыл және Уәлиханов аудандарында жұмыс баяу жүргізілуде.

Облыс әкімі бұл жұмысты 5 қарашаға дейін аяқтауды, сондай-ақ профилактикалық шараларды жалғастыруды тапсырды.