Құқық қорғау органдары

Оқушылардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жоба

Петропавлда тәртіп сақшылары, оқу ұясы басшылығы және ата-аналар оқушылардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа пилоттық жобаны қолға алды. Енді Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің шәкірттері сырт киімдеріне жарық шағылыстырғыш элементтерді міндетті түрде жапсырып жүреді. Мұндай бастама әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың ұсынысынан кейін туды. Оның бастауыш сыныпта оқитын ұлы көліктер әрлі-берлі зулаған жолдың келесі жағына өте алмаған. Бойын үрей билеген балақай әкесіне қоңырау шалып, көмек сұрапты. Сол күні шенді өзінің және өзгелердің балаларына қатысты туындайтын өзекті мәселені шешу жолын қарастырған, амалын тапқан.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

— Бүгін мектеп қабырғасында арнайы бейнежазбалар көрсетіліп, мәселенің өзекті екені тағы бір дәлелденді. Жиналғандарға бұл бастаманың балалардың қауіпсіздігі үшін қажеттілігі түсіндірілді. Ата-аналар бірауыздан қолдады. Пилоттық жоба аясында мектептің 1-8 сынып оқушылары сырт киімдеріне жарық шағылыстырғыш жолақтарды міндетті түрде жапсыратын болды.

Қазір қас тез қараяды. Қараңғы уақытта жүргізушілердің жаяу жүргіншілерді байқауы қиын. Арнайы әзірленген видеода сынақ жүргізіліпті. Онда шағылыстырғыш белгілері бар балаларға жарық бағытталады. Сонда оқушылар алыстан анық көрінеді.

АНТОНИНА САЧКОВА, С. Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектептің директоры:

— Ата-аналар комитеттерінің төрағалары мен қамқоршылық кеңесі біздің мектепте пилоттық жобаны жүзеге асыруды бірауыздан қолдады. Бұл шара оқу ұямызда жүзеге асырылып жатқан жол жүру ережелерін сақтау бағдарламасымен үндеседі. Балаларымыздың қауіпсіздігін арттырады деп ойлаймын.

Полиция департаменті мен мектеп дирекциясы арасында тиісті меморандумға қол қойылды. Жоспар бойынша пилоттық жоба өңірдің өзге мектептерінде де қолға алынады.

 

Байболат Құлтанов