Қоғам

Көрнекі ақпаратты талапқа сай ұсынбағандар айыппұл төлеуге міндеттелді

Петропавлда “Сауатты көрнекі ақпарат – біздің ортақ ісіміз” акциясы қорытындыланды. Аты айтып тұрғандай, бұл шара көшедегі, ғимараттардағы жазулардың дұрыстығына негізделген. Акция аясындағы жұмыс маусым айында басталып, қазанда аяқталып отыр.

ӘНУАР ТОҚПАНОВ, “Рух.Тіл.Жаңғыру” ҚБ төрағасы:

— Осы облыс көлемінде 4 ауданға шықтық. Олар: Есіл, Мамлют, Жамбыл және Қызылжар. Сонымен қатар, Петропавлдағы бизнес нысандарды қарадық. Тіл туралы, Жарнама туралы заңдар бар. Соларды кәсіпкерлерге айттық.

Көш жүріп келе жатқанымен жағдай облыс аумағында әлі мәз емес. Кейбіреулер қатеге жол береді. Көп жағдайда қазақ тілінде дұрыс жазбайды немесе қазақшаға дұрыс аудармайды. Одан бөлек, көшеде сапасы сын көтермейтін баннерлер де кездеседі.

ӘНУАР ТОҚПАНОВ, “Рух.Тіл.Жаңғыру” ҚБ төрағасы:

— Ескі, жыртылған баннерлер кездеседі, грамматикалық, стилистикалық қателер кездеседі. 200-ге жуық нысанды тексердік. 40-50 қате табылды.

Ескертудің орнын айыппұл баспақ. Жақында тиісті заң пайда болды. Енді елімізде көрнекі ақпаратты талапқа сай ұсынбағандар жазаға тартылады. Қалтадан шығатын қаржының көлемі 5-10 мың емес.

ӘНУАР ТОҚПАНОВ, “Рух.Тіл.Жаңғыру” ҚБ төрағасы:

— Жаңа заң. Егер адамға 2 немесе одан көп шағым түссе, айыппұл салынады. Тілге қатысты басқарма, бөлімдер планшеттермен жабдықталып жатыр. Солардың мамандары айыппұл сала алады.

Қорытынды жиынға баспа саласындағы кәсіпкерлер арнайы шақырылған. Оларға жаңа заң және ономастикалық комиссиямен бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығы жайлы жайлы кеңінен айтылды.

ЭДУАРД АДАМ, жеке кәсіпкерлік өкілі:

— Біз әрқашан Тіл туралы заңға сүйенеміз. Кейбір тапсырыс берушілер ақпараттың 2 тілде болғанын қаламайды. Мұндай жандарға қызмет көрсетуден бірден бас тартамыз. Сауаттылық жайына келсек, үнемі арнайы комиссияның аудармашыларына жолығамыз. Олар бірден жазылғанның дұрыс-бұрыстығын тексеріп, аударып береді. Көрнекі ақпарат қатесіз болуы қажет деп санаймын.

“Сауатты көрнекі ақпарат – біздің ортақ ісіміз” сынды акция келер жылы да ұйымдастырылады. Мамандар жұмысқа білек сыбана кірісуді көздеп отыр.

 

Байболат Құлтанов