СҚО әкімдігі

Өңір жетекшісі қысқы маусымға дайындық барысын пысықтады

Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов коммуналдық ұйымның, жол қызметтерінің, энергетикалық және апаттық-құтқару бөлімшелерінің алдағы қысқа дайындығын тексерді. Күздің соңғы айына аяқ басқалы тұрмыз. Қарашада қар жауып, күн суытып, әлекке салуы мүмкін. Бұған аудандардағы, облыс орталығындағы жауаптылар әзір болған жөн.

Ескеретін жайт бар. Мұз ою, қар тазалау және шығару кезінде кеспетастардың, жиектастардың қирамауына мән беру қажет. Адамдар демалатын аумақтар көктемде көз қуантарлық күйде болуы керек. Қала билігі арнайы жоспар құрған. Саябақтарда жаңа техника және коммуналдық ұйымның өкілдері жұмыс істейді. Биыл маңызды іс жеңілдемек. Танысу барысында өңір жетекшісіне шаһар басшысы Серік Мұхамедиев жасанды интеллектке мән берілгенін айтты.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Қысқы уақытта қаладан 170 техника қар шығарады. Бұл бағытта цифрландыру жұмысын қарқынды түрде жүргізіп жатырмыз. Жақын арада арнайы жоба іске қосылады. Ақ ұлпа артылған әр көлік бақылау жүйесіне қосылады. Одан бөлек, жасанды интеллектінің көмегімен қардың салмағын анықтаймыз. Ал төгу полигонына жеткенде арнайы сигнал беріледі. Бұрын техниканы адам қабылдаса, енді заман игілігі тіркейді. Жалпы, қысқы маусымға дайынбыз. Мердігерлер тыңғылықты әзірленді.

Теріскейдің боранды күндері электр желілері үзілуі, бағандар құлауы мүмкін. Бұған электриктер дайын болғаны жөн. Облыс әкімі мамандарға арнайы тоқталды. Ешкім жолда қалмауы керек – облыс әкімі жүктеген негізгі міндеттің бірі. Осы күні қар басу қаупі аса жоғары жерлер анықталған. Тізімге енген аумақтарда тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

— Жергіліктің жол желісінің ұзындығы 6,4 мың шақырымды құрайды. 200-ден аса техника, 260 адам дайын. Құм-тұс қоспасы әзірленді. Қар басу қаупі аса жоғары жерлерде тал, шөп шабу жұмыстары жүргізілуде.

Жоспар бойынша қауырт кезеңде іске тартылатын адам саны 1800-ден асады, ал техника 999 бірлікті құрамақ. Сонымен қатар, қысы қатты аққайыңдар өлкесінде биыл 232 жылыту пункті қарастырылмақ.

 

Байболат Құлтанов