Қоғам

Облыстық әкімдікте Қазақстанның Еңбек ері Мұрат Қаражұмановқа құрмет көрсетілді

Еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосқан жандардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Облыстық әкімдікте Қазақстанның Еңбек ері Мұрат Қаражұмановқа құрмет көрсетілді. Бұл марапат механизаторға өндірістегі зор жетістіктері мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан зор үлесі үшін табысталған болатын. Шараның шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— 45 жыл бір кәсіпорында еңбек ету оңай емес. Бұл – нағыз шыдамдылықтың белгісі.

Шарада Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов те бой көрсетті. Халық қалаулысы жерлесінің ең жоғары деген атақты иеленгеніне дән риза. Ол барша солтүстікқазақстандықты Республика күнімен құттықтады.

ЕРКЕБҰЛАН МәМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Баршаңызды тарихи мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алқалы жиында тек құттықтау сөздер ғана айтылған жоқ. Ауыл шаруашылығының өткені мен бүгіні жайлы сөз болды. Талай жыл агроном болып еңбек еткен, саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Құдайберген Қалиев облыстан “Қазақстанның Еңбек ерлері” көптеп шыққанын қалайды.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚАЛИЕВ, СҚО Құрметті азаматы:

— Мейлі механизатор болсақ та, мемлекеттік қызметте еңбек етсек те өз жұмысымызды абыроймен атқаруымыз қажет. Сонда ғана еліміз қарыштап дамиды.

Айта кету керек, бәсі биік атақ екінің біріне беріле бермейді. Мәселен, бұл марапатты теріскей өңірінен 4 адам ғана алған. Соның бірі көпшілікке жақсы таныс – Геннадий Зенченко. “Зенченко и К” КС директоры өткен жылы “Қазақстанның Еңбек ері” атанған болатын. Ол бәрінен бұрын жұмысшы мамандардың еңбегі еленгенін қалайды.

ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, “Зенченко и К” КС директоры:

— Барлығымыз мойындауымыз қажет, соңғы жылдары жұмысшы мамандардың еңбегі елеусіз қалуда. Сол мақсатта Мемлекет басшысы биылғы жылды еңбеккерлерге арнады. Талмай жұмыс істеп, әр істі абыроймен атқарған жандарды көкке көтеруіміз керек. Сонда ғана бізде оң өзгерістер орын алады.

Биыл диқандарымыз рекордты көлемде өнім алды. Бұған Мұрат Қаражұмановтай азаматтардың қосқан үлесі зор. Еңбеккер азамат “Қолымнан әл кеткенше еңбек етуді жалғастырамын” деп уәде берді. Сонымен қатар, бірнеше жасқа саланың қыр-сырын үйрететінін айтты.

МҰРАТ ҚАРАЖҰМАНОВ, Қазақстанның Еңбек ері:

— Ата-бабамыздың жолын қуып, аянбай еңбек етуді жалғастырамын. Биыл серіктестік мол көлемде өнім алды. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.

Қаражұмановтар әулеті – адал еңбектің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оған жанұяның саладағы 350 жылдық еңбек өтілі дәлел. Аймақта осындай отбасылар көп болса, кез келген салада әрқашан көш басында болар едік.

 

Нұрасыл Ахмет