Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы су бұру арнасының құрылысымен танысты. Бұл жобаның маңыздылығы аса жоғары. Жоспар бойынша тасқын уақытында арна арқылы топан су өтіп, гүрілдеген Есілдің деңгейі төмендейді. Нәтижесінде Заречный кентіне, өзен бойына жақын орналасқан ауылдарға төнер қауіпті сейілтеді.
АЛЕКСЕЙ НАЛИМОВ, “Diana-пласт” ЖШС басшысы:
— Арнаның ұзындығы 4 856 метрді құрайды. Оның бойында үш су өткізу құрылымы бар. Солар арнаның келесі бетіне шығуға мүмкіндік береді. Яғни, біз жол да салдық. Қиыршық тас төселіп, мықтап тығыздалған жолдардың екеуі арқылы саяжайшылар қиындықсыз қатынайды. Ал біреуі электриктер үшін тұрғызылды. Олар қиын-қыстау шақта жоғары вольтты бағанға мұз соғылса, оңай жетіп, ақауды жоя алады. Маңызды жобаны жоспарлау барысында осындай жайттар да ескерілді.
Ақпан айында басталған жұмыс бүгінде аяқталуға жақын. Яғни, алдағы көктемде су бұру арнасының тиімділігі байқалмақ. Атқарылған шаруамен танысу барысында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тасқынға жалпы дайындық барысына тоқталды. Бүгінде қауіпті нүктелерде жоспарланған жобалардың дені мәресіне жетіп қалған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мичурино, Прибрежное ауылдары маңындағы бөгеттерді тұрғызамыз. Прибрежноеға апаратын жол құрылысын бастаймыз. Биотоған аумағындағы, Ущев көшесіне жақын жердегі жұмыстар толығымен аяқталды. Былғары зауыты ауданындағы қорғаныс үйіндісі 2024 жылғы деңгейден 1 жарым метрге көтерілді. Тек Бескөлге қатысты мәселе бар. Егер су жақындаса, арнайы материалдардың көмегімен жоспардағы алдын алу шарасын жүргіземіз. Болашақта ол төңірек бетонмен қапталады.
Су бұру арнасының құрылысы аяқталып, бойында бірнеше жол пайда болғанына саяжайшылар аса қуанышты. Қыркүйекте «Жемчужная весна» бау-бақша серіктестігінің өкілдері өңір басшысының жеке қабылдауында болды. Сонда көктемде өздерінің жазғы үйлері орналасқан аумаққа жету машақат екенін жеткізді. Облыс әкімі мәселені тыңдап, қала билігіне шешуді тапсырды. Енді жазғы үйлеріне жеткенше жанды шүберекке түйетін тұрғындар алаңдамаса болады. Тілдесу кезінде петропавлдық Алексей Запорожец саяжайшылар атынан аймақ басшысына, аянбай еңбек еткен мамандарға алғыс білдірді.
Байболат Құлтанов