Білім

Ауыл мектептерінің оқушылары арасында облыстық олимпиада өтіп жатыр

Бүгін ауыл мектептері оқушыларының арасында жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі бастау алды. Оған 700-ден астам оқушы қатысуда. Олар – бұған дейін мектепішілік, аудандық кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен ұл-қыздар.

АЙГҮЛ ОРАЗАЛИНА, олимпиадаға қатысушы, Есіл ауданы:

Явленка ауылындағы Аяған Шәжімбаев атындағы орта мектебінен келіп отырмын. Бүгін мен қазақ тілі және әдебиеті пәндерінен сынға түстім. Олимпида қиын болған жоқ.

Облыстық олимпиада екі кезеңнен тұрады. Қазақ тілін таңдаған 15-ке жуық оқушы 4 тақырыптың біріне эссе жазды.

САНЖАР ҚОНЫСБАЕВ, олимпиадаға қатысушы, Қызылжар ауданы:

Мен “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” тақырыбы берілді. Осы эсседе мен өзіміздің Алаш зиялыларын мысалға келтіріп жаздым.

13 пән бойынша өтіп жатқан олимпиада екі бағытқа бөлінген. Олардың бірі – қоғамдық-гуманитарлық, енді бірі жаратылыстану-математикалық бағыт болып саналады.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, “Қызылжар дарыны” орталығының директоры:

Олимпиада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қатарынан үшінші жыл өткізіліп келеді. Негізгі мақсаты – ауыл мектептерінің дарынды оқушыларын қолдау.

Айта кеткен жөн, облыстық команда соңғы екі жыл қатарынан республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Сондай-ақ, бірнеше оқушы “Ауыл мектебінің үздік оқушысы” атанған.

Ақтолқын Солтанханқызы