Республика күні қарсаңында қаламыздағы «Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығының фойесінде «Заң мен тәртіп» атты фотокөрме ашылды. Мұнда 25 сурет қойылған. Олардың әрқайысы өңір полицейлерінің жанкешті қызметін көрсетеді. Мысалы, интернет-алаяқтарды ұстау операциясы, саптық байқау, пандемия уақытындағы ұйқысыз түндер, былтырғы су тасқыны кезіндегі адамдар мен үй жануарларын эвакуациялау, аумақты қайықпен, атпен бақылау және балаларды құтқару оқиғасы кадрға ілінген. Соңғы аталған сурет Есіл ауданында түсірілді. Боранда адасып, полиция күшімен табылған ағайынды балалардың аналарымен қауышқан сәтін фотограф естелікке айналдырған.