Республика күніне орай «City Mall» сауда үйінде мерекелік концерт өтті. Шараға облыстық филармонияның әртістері қатысты. Өзіне қажет тауар іздеп келген теріскейліктер әуезді ән мен нәзік қимылға толы би тамашалады.
— Қазақстанымыз өркендей берсін, мереке құтты болсын.
— Шара енді басталайын деп жатыр, концертті көруге арнайы келдік. Барлық жерлестерімді мерекемен құттықтаймын.
Мерекелік концерт бір сағатқа жуық уақытқа жалғасты. Орындаушылар патриоттық қана емес, өзге де тақырыптағы танымал әндерді шырқады.
Сондай-ақ, Республика күніне орай шаһардағы бірнеше сауда орталығында арнайы акция ұйымдастырылды. Кіреберісінде «Republic Day» деп жазылған сауда нүктелерінде 30%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.
СВЕТЛАНА РАЗМОВА, консультант:
— Мерекеге орай біздің бутикте көйлектерге, сырт киімдерге, түрлі жейделерге жеңілдік бар. Жаңа келген тауарларды да арзандау бағамен алуға болады. Бүгін келушілер көп. Барлығы дән риза.
ОЛЬГА КОЙЧУБАЕВА,
— Сауда үйіне жол-жөнекей кірген едім, аралап жүріп жеңілдік акциясының өтіп жатқанын көзім шалды. Мереке күні тұрғындарды осындай игі шарамен қуантып жатқандары мақтауға тұрарлық. Алда қыс келе жатыр, мүмкіндікті пайдаланып тиімді бағамен киім аламын.
Жеңілдіктер киім-кешектен бөлек, азық-түлік бөлімдерінде де қарастырылған. Мерекеге орай өткізіліп жатқан акция қалада қазанның 27-сіне дейін жалғаспақ.
Ақтолқын Солтанханқызы