Бүгін Петропавлда кембағал балалар мен оларға көмек қолын созып жүрген жандар арасында эстафеталық сайыс өтті. Шара балалардың бойындағы өмірге деген құштарлығын, өз-өзіне деген сенімділікті арттыру және қоғамда инклюзивті көзқарасты қалыптастыру үшін ұйымдастырылып отыр.
Жарыс алаңы көтеріңкі көңіл күй мен қуанышқа толы болды. Балалар жарқыраған көздерімен бір-бірін қолдап, “Біз біргеміз” деген ұранмен қатысты. Эстафета барысында қатысушылар өздерінің шапшаңдығын, ептілігі мен төзімділігін көрсетті. Алиса Делль жаз кезінде Қырғызстан еліне барып, жарысқа қатысып қайтқан. Ал спортпен айналысып келе жатқанына 3 жылға жуықтапты.
АЛИСА ДЕЛЛЬ, эстафетаға қатысушы:
— Мұндай жарыстарға жиі қатысамын. Өзімді дамытқым келеді. Салауатты өмір салтын ұстанған өте дұрыс. Денсаулығың да жақсарады, ойлау қабілетің де дамиды. Жазда Қырғызстанға барып, жарысқа қатыстым. Ол жақта жүгірдім, үстел теннисін ойнадым. 1-ші және 2-ші орын алдым. Бүгін де жақсы нәтиже көрсетемін деген сенімдемін.
Үлкендер әр баланы жылы қарсы алып, олардың жетістігіне қуанды. Бұл күн балалардың есінде мәңгі қалатыны айдан анық. Негізі, “Солнечный дом” қоғамдық қорының балаларына біраз ұйымның өкілдері көмектеседі. Олар да бүгін шараға ерекше ат салысып, ұл-қыздарға қолдау білдірді.
РИНАТ СЕЙПИЕВ, кәсіпкер:
— Балалар жақында Түркияға барып келді. Ол жақтан жүлделі орындармен оралды. Осы қалпымыздан таймай, жиі қолдап отыруға тырысамыз. Бүгінгі сайыс қызықты өтіп жатыр, балалар шапшаң екен. Барлық тапсырманы тез орындауда. Риза болдым. Баршасын мерекемен құттықтаймын!
Жалпы, облыс бойынша “Солнечный дом” қоғамдық қорына 60-тан астам бала мүшелік етеді.
Мәдина Қаби