Қоғам

Жұмысшы кентінде жемшөп жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Петропавлда ауыл шаруашылығы өнімдері ғана емес, жемшөп те сатылды. Арнайы жәрмеңке Жұмысшы кентінде ұйымдастырылды. Үй жануарларына тиімді бағамен азық іздегендердің дені – қалалықтар. Айбек Нұртазиннің 10 шақты қойы бар. Азамат Шопан ата төлдері үшін 3-4 орам шөп алмақшы.

АЙБЕК НҰРТАЗИН, қала тұрғыны:

— Жәрмеңкеге жылда келемін. Жылда жемшөп аламын. Биыл шөп қана алып жатырмын.

Әдеттегідей жәрмеңкеде сатылғанның құны төмен. Мысалы, шөптің орамы – 5 мыңнан, ал сабандыкі 3 мың теңгеден саудаланды. Бұл нарықтағы бағадан 20 пайызға төмен. Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылынан тонналап мал азығы жеткізіліпті. Шаруалар дәруменге бай жемшөп толықтай сатылады деген сенімде.

НҰРСҰЛТАН ХУАТОВ, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

— Біз 10 тонна сабан және 7 тонна шөп әкелдік. Осы жылы шөп өте жақсы шақты.

Мал ұстайтын қала тұрғындары жәрмеңкелерді тиімді пайдаланған жөн. Сапа мен баға жайы түсінікті. Қар түспей тұрып мал азығы үйге жетсе, қысқа алаңсыз кіруге болады. Яғни, тапшылық туындамайды.

ЭЛЬВИРА ВАСИЛЬЕВА, Ноғайбай би ауылдық округінің әкімі, М. Жұмабаев ауданы:

— Ауданымыздан 70 тонна шөп және 10 тонна сабан әкелдік. 4 бірдей көлікпен келіп отырмыз. Азық өте сапалы, тұрып қалған немесе жаңбырға тиген емес. Осындай жәрмеңкелерге жиі шығамыз. Әзірге адам аса көп емес, бірақ әкелгеніміз өтуде. Одан бөлек, орталықтағы базарларда ауыл шаруашылы өнімдерін саудалаймыз.

Қоса кетейік, жәрмеңкеге облыстың барлық ауданынан 800 тоннаға жуық жемшөп жеткізілді.

 

Мәдина Қаби