БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Қазақстандықтар асыға күткен мереке – Республика күніне де келіп жеттік. Бұл күннің баршамыз үшін маңызы зор. Қазақ халқы талай нәубетті, талай қиындықты бастан өткерді. Ақыры қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнге жетті. Сонысымен орны бөлек. Мерекеге орай Петропавлда салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Айтулы күнге арналған айтулы шараға жан-жақтан халық жиналды. Барлығының өңір өмірінде өзіндік орны бар. Аға буын өкілдерінің маңызы тіпті зор. Олар қамшыдай қысқа ғұмырдың бір бөлігін Қазақстанның өркендеуіне арнады. Бүгінгі мерекеде марқаюларына, құттықтау қабылдауларына толық негіз бар.
БАУЫРЖАН ТАСТЫБАЕВ, Уәлиханов ауданының құрметті азаматы:
— Бұрын қолмен жұмыс істедік. Қазір барлығын техника атқарады. Жетістікке жетудеміз.
ЖАМБЫЛ ТАСЕМЕНОВ, СҚО Құрметті азаматы:
— Аудандарда заманауи залдар ашылып жатыр. Біз қара жерде жаттықтық. Өзгеріске қатты қуанамын.
ҒАЛИЯ МАЛДЫБАЕВА, облыстық мәдениет саласы ардагерлер ұйымының төрағасы:
— Елімізде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Мен қазақстандық болғаным үшін қуанамын, мақтанамын!
Республика күніне арналған кеште өткен мен бүгін көрініс тапты. Жер қорғаған бабалар, соғыс көрген аталар, “Желтоқсанда” жағалары жыртылған ағалар және алаңсыз білім қуған балалар. Осылардың барлығын театр актерлері сомдап, бойды тітіркендірді. Болашаққа нық қадам жасаған елміз. Өткенді ұмытпау, елдікті ту ету – біздің міндет.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Баршаңызды Республика күнімен баршаңызды құттықтаймын! Қазақстан әлем таныған іргелі мемлекетке айналды. Қазақстандықтар елдің байрағын тік ұстап, елдің абыройын арттырып жүр. Солтүстікқазақстандықтар бұған үлес қосуда.
Бүгін қошемет үзілмеген күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ондаған солтүстікқазақстандықтың еңбегін жоғары бағалады, Астанадан уыс-уыс марапат жолданған. Ең алдымен сахнаға өңірдің Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев шықты. Ел ағасына III дәрежелі “Барыс” ордені табысталды. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал еңбегінің еленгеніне дән разы.
ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚАЛИЕВ, СҚО Құрметті азаматы:
— Менің кішкентай еңбегімді Президентіміз елеген екен. Өте қуаныштымын. Зор денсаулық тілеймін!
Марапат иегерлері үшін жұртшылық шаттанды, жан-жақтан құттықтау естілді. Бүгінгі кешті Мамлют ауданындағы “Белое-Агро” серіктестігінің директоры Талғат Әлжанов ешқашан ұмытпайды. Ақмола облысынан өлкемізге жолдамамен келіп, еңбек жолын агроном болып бастаған азаматтың кеудесіне “Құрмет” ордені тағылды.
ТАЛҒАТ ӘЛЖАНОВ, “Белое-Агро” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
— Біздің серіктестік 2005 жылдан жұмыс істейді. “Ел игілігі, халық үшін” деген ұранымыз бар. Биылғы жыл біз үшін берекелі болды. Мол астық жинадық. Ауылды дамыту – біздің басты міндетіміздің бірі. Үй салып, елдімекенді гүлдендіріп жатырмыз. “Құрмет” орденін алу – үлкен бақыт, абырой. Аянбай тер төгуге дайынбыз! Мереке құтты болсын!
Республика күніне арналған кешті жергілікті өнерпаздар жалғады. Олар ән салды, би биледі. Сахна саңлақтарының арқасында мерекенің сәні кірді.
Байболат Құлтанов