Қоғам

Петропавлда күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Республика күні қарсаңында Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Сауда-саттық М.Жұмабаев көшесі бойында ұйымдастырылды. Шараға облысымыздың әр ауданынан келген 110-нан астам серіктестік қатысуда.

ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

— Жәрмеңкеде 1200 тоннадан астам өнім ортаға қойылды. Оның ішінде жем-шөп те бар. Барлығының бағасы нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Шынымды айтсам, шараға осыншама адам келеді деп ойламадым. Айта кетейін, Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жыл сайын өткіземіз.

Тарқатып айтсақ, жәрмеңкеде 100 тонна ет, 12 тонна сүт өнімдері мен 110 мың дана жұмыртқа және 194 тонна көкеніс сатылды. Барлық тауар экологиялық таза, ең бастысы – делдалсыз. Сондықтан да сұраныс өте жоғары. Шараға Уәлиханов ауданынан келген серіктестіктер 15 тонна өнім әкеліпті. 2 сағаттың ішінде тауарларының жартысы сатылып кеткен.

ЖОЛДЫБАЙ ХАСЕНОВ, Уәлиханов аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы:

— Жәрмеңкеге 5 бас жылқы, 20 бас қой етін әкелдік. Әсіресе, жеке кәсіпкеріміздің әкелген қымызы жақсы өтуде.

Жәрмеңкеде ет өнімдерінің орташа бағасы 2800 теңге болды. Сүт – 250, жұмыртқаның 10 данасы 500 теңгеден сатылды. Сауда-саттық алаңында Ақжар ауданының еті мен сүтіне сұраныс жоғары екенін көруге болады. Бостандық ауылының тұрғыны Анаргүл Аманжолованың бұл кәсіппен айналысып жүргеніне 30 жылдан асқан. Астана қаласында өткен ауқымды шараға да қатысыпты. Елордалықтар нәзікжанды әкелген өнімдерді түгелімен сатып алған.

АНАРГҮЛ АМАНЖОЛОВА, Бостандық ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

— Жас малдың етін әкелдім. Тұрғындар ірімшігім мен майымды да таласа-тармаса алуда.

“Ұлы даланың берекелі жәрмеңкесі” деген атаумен өтіп жатқан шарада концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Өнерпаздар шараны мереке алаңына айналдырды. Жәрмеңкеге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ол шара барысында әр сатушымен тілдесті. Тауар өндірушілерден бағаны белгіленген сомадан көтермеулерін сұрады.

Ауылдың дәмін сағынған тұрғындарды қарасы қалың. Шара петропавлдықтардың қысқа қамдануына мүмкіндік берді. Олар әрдайым осындай сауда-саттықты асыға күтеді. Жәрмеңкенің атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шара сатушы мен сатып алушылар үшін өте тиімді болды.

 

Нұрасыл Ахмет