Денсаулық сақтау

№3 қалалық емхана жас мамандармен толықты

Облыста білікті дәрігер ат басындай алтыннан қымбат. Кадр тапшылығының бары да жасырын емес. Осы орайда 3-ші қалалық емхана 12 маманмен толықты. Оның 11-і биыл Қозыбаев университетін тәмамдаған, ал біреуі Ресейдегі білім ордаларының бірінде оқыпты. Айтулы мереке қарсаңында медициналық мекеме басшылығы жаңадан келген әріптестерін салтанатты түрде қатарларына қосты.

ЕРМЕК НҰРҒОЖИНА, №3 қалалық емхананың бөлім басшысы:

— Шыны керек, қазіргі таңда емханада тәжірибелі дәрігерлер жеткіліксіз. Себебі, келген жас мамандар бір-екі жылдан соң отбасы құрып, декреттік демалысқа шығып жатады.

Қиыншылығы мен алғысы мол жұмысқа қадам басқандардың бірі – Ерсұлтан Артықбай. Ол жергілікті білім ордасын “Жалпы тәжірибелі дәрігер” мамандығы бойынша аяқтаған. Жігерлі жас ақ халат киюді бала кезінен армандапты.

ЕРСҰЛТАН АРТЫҚБАЙ, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:

Жұмысқа орналасқан кезде әріптестерім жылы қарсы алды. Бірден сіңісіп кеттік. Сондай-ақ, бізге денсаулық сақтау басқармасы мен емхана атынан қаржылай көмек көрсетілді.

Республика күніне орай ұйымдастырылған шарада емхананың бірнеше маманы құрметке бөленді. Дәрігерлерге денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі үшін түрлі деңгейдегі марапат табысталды. Медициналық мекеме директорының орынбасары Ертай Таспулатов бейінді министрліктің алғыс хатына ие болды.

ЕРТАЙ ТАСПУЛАТОВ, №3 қалалық емхана директорының орынбасары:

Денсаулық сақтау саласында 2017 жылдан бері қызмет етемін. Мансабымды аудандық ауруханадан бастадым. Медицинаға келгеніме еш өкінбеймін.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Айта кету керек, қазіргі таңда 3-ші қалалық емханада тұрғындарға 500-ге жуық маман қызмет көрсетеді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы