Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды. Өңір жетекшісі ең алдымен Бірлік ауылындағы жаңадан ашылған медициналық пункттің тыныс-тіршілігімен танысты. Әр кабинетке бас сұғып, оң бағасын берді. Нысанды жергілікті кәсіпкер өз қаражатына салған. Ғауез Торсанұлы облыста жұмыс істеп жатқан серіктестіктер әрдайым елді мекендердің дамуына атсалысуы керектігін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Барлығына үлгі ретінде Біржан Шаймерденовты айтқым келеді. Ол жыл сайын өзінің ауылына 300 млн теңге қаржы құяды. Кеше ғана халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған 3 нысанды аштық.
Бүгін Бірлік ауылының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн десек артық айтқандық емес. Бұған дейін жерлестеріміз медициналық көмек алу үшін аудан орталығына барып жүрді. Енді бұл олқылықтың орны толды. Себебі, медициналық пунктте керектінің бәрі бар, халыққа білікті мамандар қызмет көрсетеді.
КҮЛӘНДА ҚАСЫМОВА, Бірлік ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:
— Ауылда бұған дейін мұндай медициналық пункт болмаған. Кәсіпкерге алғысым шексіз. Елді мекенде жақсы жаңалықтар көп болсын!
Нысанды жергілікті тұрғындарға арнап “Жангелді” жеке кәсіпкерлігі соғып берді. Құрылыс жұмыстарына 25 млн те4геден астам қаржы жұмсалған. Медициналық пункт мамандары Бірлік ауылындағы 200 адамға қызмет көрсетеді.
КӘРІМЖАН ИСАХОВ, Шал ақын аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:
— Медициналық пункт барлық санитарлық нормаларға сай. Қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Қазіргі таңда жергілікті кәсіпкердің есебінен Ступинка ауылында да дәл осындай нысан тұрғызылып жатыр.
Шал ақын ауданында тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бастамалар жетерлік. Биыл Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жанаталап ауылының тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтылады. Елді мекендерге су желісі тартылған. Маңызды жұмысқа облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Халықтың игілігіне арналған іспен өскемендік серіктестік айналысуда. Ғауез Торсанұлы аудан әкімі Қайрат Омаровка мердігердің жұмысын үнемі бақылауды тапсырды.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
— Ауданда 7 мыңға жуық тұрғын тұратын 21 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылады. Маңызды жұмысқа 7,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда маңызды іс 85 пайызға аяқталды. Мердігер өз жұмысын абыроймен атқаруда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі “Повозочное-Баян-Архангелка” облыстық маңызы бар жолындағы орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Ендігі жылы адам көргісіз күйде болған 15 шақырым жолға асфальт төселеді. Жоба құны – 1 жарым млрд теңге. Автөкөлік жолдарының жай-күйі – ең өзекті мәселенің бірі. Шал ақын ауданында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылған.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
— Биыл ауданда 106 шақырым жол жөндеу көрді. Оның 70 пайызы – республикалық маңызы бар жолдар. Ауылдардың іштерін де назарсыз қалдырған жоқпыз. Ағымдағы жылы 7 елді мекеннің жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргіздік.
Биыл Шал ақын аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі нысанға келіп, атқарылған жұмыспен танысты. Қазіргі таңда ғимараттың іші де, сырты да адам танымастай өзгерген. Жаңартылған медициналық мекеме тұрғындардың тиісті ем-дом қабылдауына мүмкіндік береді.
Өңір жетекшісі барған келесі нысан – Кәкімбек Салықов атындағы орта мектеп. Биыл білім ұясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 135 млн теңге. Білім ұясының мұғалімдері жасанды интеллектіні өз пайдасына жаратуда. Мектеп ұжымы “Protector AI” бағдарламасы арқылы нысандағы жағдайға бейнеталдау жүргізеді. Егер балалар агрессивті мінез-құлық танытса, яғни төбелессе, жүйе директордың телефонына бірден бейнеролик жібереді.
АСЫЛ УАИСОВА, К. Салықов атындағы орта мектептің директоры, Шал ақын ауданы:
— “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен білім ұясының 19 кабинеті жаңартылды. Жүргізілген жұмыстың арқасында білім сапасы артты деп айтуға толық негіз бар.
Ғауез Торсанұлы білім ұясының әр кабинетін аралады. Балалармен тілдесті, істеп жатқан жұмыстарын көрді. Атқарылған іске оң бағасын берді. Айта кету керек, мектепте 300-ден астам бала тәлім алады. Оларға 45 мұғалім сабақ береді. Кейін өңір жетекшісі ауданның жылыту маусымына дайындығын тексерді. Қазіргі таңда аталған аймақта 71 қазандық бар. Маңызды кезеңді ойдағыдай атқару үшін 15 мың тоннадан астам көмір қажет.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
— Аудандағы білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарына толығымен көмір жеткізілді. Биыл 5 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Маңызды іске 141 млн теңге қаржы жұмсалды. Жылыту маусымы ойдағыдай өтеді деп нық сеніммен айта аламын.
Ғауез Торсанұлы Сергеевка қаласындағы биыл ғана жаңартылған “Астана” саябағында ауданның белсенді азаматтарымен кездесті. Облыс әкімі мына тұрған жандарға өңірдің дамуына сүбелі үлес қосуларын сұрады. Келелі кездесуден кейін жиналғандардың барлығы демалыс орнына сібір шыршасын екті. Бұл ағаштың жапырақтары мүлдем түспейді. Сонымен қатар, ауаны да тазалайды. Қысы-жазы бір қалыпты тұрады. Саябаққа көрік береді. Бұл күні Сергеевкада аудандық IT-орталық ашылды. Мұнда жастарға жасанды интелектіні қалай қолдану қажеттігі үйретілетін болады. Ел бойынша аудандарда мұндай нысан алғаш болып теріскей өңірінде қолданысқа берілді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Орталықта жаңа бастамалар қолға алынатынына сенім мол. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз әр салада жасанды интеллектіні қолдануымыз қажет. Заман игілігін пайдаға жаратпасақ көш соңында қалып қоямыз. Айта кетейін, алдағы уақытта мұндай орталықтар облыстың әр ауданында ашылады.
Бұдан кейін облыс әкімі ауданның еңбек ардагерлерімен кездесу өткізді. Өнегеге толы кездесу барысында аға буын өкілдері аталған аймақтың тарихына терең бойлады. Мәселен, аудан орталығы 19-шы ғасырда Абылай ханның жақын досы Құлеке батырдың қарамағында болып, 20-шы ғасырға дейін Аютас деп аталып келген. Сергеевка атауы 69-шы жылы беріліпті. Бәрінен бұрын ардагерлер ауданда IT-орталықтың ашылғанына дән риза.
Облыста кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетілуде. Соның бір дәлелі – Шал ақын ауданында өңірге танымал сауда желісінің супермаркеті ашылды. Дүкен жұмысымен танысқан аймақ басшысы оң бағасын берді. Нысанның құрылысына 400 млн теңге жұмсалған. Сауда орнының ашылуымен 70 адам жұмыспен қамтылыпты.
Қазіргі таңда ауданда қант қызылшасын өсіру және өңдеу бойынша бірегей жоба жүзеге асуда. Шыны керек, бұрын көбі бұл өсімдік солтүстіктің ауа райында өспейді деп ойлаған. Бірақ, бұл түсініктің қате екенін “Asyl Farms” серіктестігі дәлелдеді. Облыс әкімі қант қызылшасы өсірілген алқаптағы жұмыспен танысты. Бастама еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, импорттық қантқа деген тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.
ОЛЕГ ЛИТВИНЕНКО, “Asyl Farms” ЖШС директорының орынбасары:
— Бұл жобаны іске асыру оңайға соқпады. Көп қаржы жұмсалды. Алдағы уақытта егіс алқабын 10 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. 2028 жылы серіктестікте 1 млн тонна шикізат өңдейтін және 200 мың тоннаға дейін қант өндіретін зауыт іске қосылады.
Кәсіпорында картоп өсіру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл “Asyl Farms” серіктестігінде заманауи көкеніс сақтау қоймасы ашылды. Нысанның сыйымдылығы 8 мың 400 тоннаны құрайды. Шал ақын ауданының топырағы құнарлы. Егін де, шөп те жақсы өседі. Облыс әкімі жергілікті аграрилермен кездесіп, орақ науқанының барысын білді.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
— Аудандағы егіс алқабының аумағы 255 мың гектарды құрайды. Биыл мол көлемде өнім алудамыз. Шығымдылық көрсеткіші 20 центнерді құрайды. Қазіргі таңда 305 мың тонна астықты бастырдық. Бірер күнде орақ науқанын аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Аймақ басшысы жұмыс сапарының соңында “Сергеев” су торабына барды. Биыл облыс үшін маңызды нысанда 142 млн теңгеге жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілген.
Нұрасыл Ахмет