Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңес отырысы

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне бірнеше мәселе шығарылған жиында ең алдымен есептеу аспаптары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын белгілеу жайы қаралды. Көпшілік алдына энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаев шығып, ұсынысын ортаға салды.

ҚУАНДЫҚ ШАҚҰБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

— Бұрын қолданыста болған нормативтер Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 2 наурыздағы №44 қаулысымен бекітілген. Сұйытылған мұнай газын тұтынудың белгіленген нормасы бір адамға айына 6,92 келіні құрады. Стандарттарды жаңарту қажеттілігіне байланысты көрсеткішті 6,95 келі қылып белгілеу жоспарлануда. Бұл – алдағы 5 жылға арналған норма. Осы ұсынысты қолдауды сұраймын.

Яғни, өңірде бір адамға шақталған сұйытылған мұнай газының көлемі артады. Тиісінше, қалтадан шығатын қаржы көбейеді. Осыған орай қоғамдық кеңес мүшелері сұрақтарды қарша жаудырды. Өлшеу құрылғысын орната алмай жүрген жандарға бұл салмақ болмай ма? Баға қанша теңгеге өседі? Осы сынды сауалдар қойылып, тараптар пікір таластырды. Сандарға тоқталсақ, аймақта есептеу аспабы жоқ 1144 абонемент бар. Соңында белсенділер ұсыныстың орынсыз екенін алға тартты және жаңа нормаға қарсы екендерін білдірді.

 

Байболат Құлтанов