СҚО әкімдігі

Облыс әкімі полицейлерді Республика күнімен құттықтады

Тәртіп сақшыларына құрмет көрсетілді. Бүгін Ақан сері атындағы облыстық филармонияда полиция департаментінің жеке құрамы мен олардың отбасы мүшелеріне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара Республика күніне орай ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, қызметкерлерді мерекемен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Полиция қызметкерлері, сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. ҚР мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанына биыл 35 жыл толып отыр.

Полицейлер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күні-түні қызмет етеді. Осыған орай облыс әкімі айтулы күні бірқатар полиция қызметкерін марапаттады. Құрмет грамотасына ие болған жандардың бірі – Айгүл Жұматаева. Нәзікжанды полиция қызметкері болып 20 жыл бойы еңбек етіп келеді. Бүгін еңбегі ақталды.

АЙГҮЛ ЖҰМАТАЕВА, СҚО ПД аға инспекторы:

— Облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болғаныма өте қуаныштымын. Жұбайым да осы салада жұмыс істейді. Тәртіп сақшысы мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Қызметім өзіме ұнайды. Көбіне құжаттармен жұмыс істеймін.

Жиын барысында ведомство бастығы Айдын Қабдұлдинов сөз алып, құқық қорғау органдарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау үшін ризашылығын білдірді.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

— Тәртіп сақшыларына зор сенім артып, әрқашан қолдау көрсетесіздер. Біз оны сезінеміз. Өз тарапымыздан жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға барымызды саламыз.

Айдын Қабдұлдинов қызметтік міндетін адал және кәсіби деңгейде орындаған бірқатар қызметкердің еңбегін ведомстволық марапатпен атап өтті. Олардың арасында сала ардагерлері де бар.

ЕРБОЛ БАЙЗАҚОВ, ішкі істер органдарының ардагері:

— Жұмысымды Екібастұз қаласында бастадым. Өзім осы жақтыкімін. Кейін 2007 жылы өз жеріме ауыстым.

Жиын одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 

Мәдина Қаби