Мәдениет

Флешмоб: Петропавлда бір мезетте 100-ге жуық оқушы күй орындады

Петропавлдық сауда және ойын-сауық орталығы өнердің ордасына айналды. Республика күніне арнап Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Құрманғазы, Дәулеткерейлердің туындыларын орындады. Ұлттық аспаптың құлағында ойнайтын ұл-қыздарға қарасаң көз сүйсінеді. Орталыққа өз жұмыстарымен келген жұртшылық домбыра үнін естіп, бірден бағыттарын өзгертті.

АЛМАС БЕЙСЕНБАЕВ, НЗМ қосымша білім беру педагогы:

— Басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. НЗМ-де домбыра тарту сабақ ретінде енгізілген.

Шарада 100-ге жуық талант өнер көрсетті. Олар рухты көтеретін флешмобқа ұзақ уақыт дайындалған. Бүгін олар 10-нан астам күй шертті. Сонымен қатар, сауда орталығының төрінде жетігеннің де үні естілді.

ЕЛДАНА БІРЖАН, НЗМ оқушысы:

— Домбыра үнін естігенде бойымды ерекше сезім баурайды. Өнерге мені ағам әкелді. 10-нан астам күй тарта аламын.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары сауда және ойын сауық орталығында өнер көрсетуді игі дәстүрге айналдырған. Ұл-қыздар алдағы уақытта мемлекеттік маңызы бар мерекелерде осы сияқты іс-шараларды жиі ұйымдастырмақ.

 

Нұрасыл Ахмет