Рухы мықты, жүрегі кең, ел дамуына өз үлесін қосып жүрген арулар – қоғамның тірегі. Аналар отбасының ұйытқысы бола жүріп, еңбек майданында да табандылық танытуда. Қазіргі таңда әйелдер жұмыстың жеңіліне де, ауырына да қарамастан білек сыбана кірісіп, қоғам өміріне белсене атсалысып жүр. Айтары мол нәзікжандылар бүгін жастармен кездесіп, ұрпаққа тағылым болар өмір жолдарын баяндады.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:
— Шараға келген қатысушылар осы екі әйелге қарап қиыншылықтарды қалай өткенін, өскелең ұрпақпен қандай тәжірибесімен бөлісетінін тыңдайды. Сондай-ақ, қыздар өздерін толғандырған сауалдарын қоя алады.
Шараға шақырылған қонақтардың бірі – Панзагүл Сейдахметова. Нәзікжанды 1972 жылы Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, СҚО-ға келген. Осы жерде 30 жылға жуық мектепте ұстаздық етіпті. Зейнеттік демалысқа шықса да сүйікті ісі – музыканы тастамаған. Осылайша, әжелер ансамбліне қабылданып, қазір көркемдік жетекшісі болып еңбек етуде. “Талай жыл бір салада берекелі жұмыс істеудің сыры қарапайым”, – дейді Панзагүл Сейдахметова
ПАНЗАГҮЛ СЕЙДАХМЕТОВА, “Балқадиша” вокалды-фольклорлық халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі:
— Егер өз ісіңді жақсы көрсең екі жақты да алып жүру оп-оңай. Сүйікті жұмысыңа да, отбасыңа да уақыт табасың. Барлығы адамның өзіне байланысты.
Шара соңында өңіріміздің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген жандарға алғыс хаттар табыс етілді.
Ақтолқын Солтанханқызы