Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шал ақын ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындарымен кездесті. Жиынға басқарма басшылары да шақыртылған. Тиісінше, азаматтар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя алады. Кездесу аудан әкімі Қайрат Омаровтың есебімен басталды. Биыл ауданда ауыз толтырып айтатындай жетістіктер жетерлік. Мәселен, әлеуметтік осал топтарға арналған 20 тұрғын үй салынуда.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
— Биыл ауданда жалпы ауданы 5 мың шаршы метр баспаналар салынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 есеге көп.
Ағымдағы жылы ауданда 500-ге жуық адамның екі қолына бір күрек табылған. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін төмендеді. Қазіргі таңда өңірде білікті дәрігер ат басындай алтыннан қымбат. Аталған аймақта кадр тапшылығы мәселесі де оң жолға қойылыпты. Қаладан ауылға келген медициналық қызметкерлерге 8 жарым млн теңгеге дейін жәрдемақы беріледі.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
— Ауданда халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл аудан бюджеті 9,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 155 пайызға көп.
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Афанасьевка ауылының тұрғыны Нұрсұлу Төлеубайқызын жол мәселесі алаңдатады. Осыдан 3 жыл бұрын аталған елді мекеннен аудан орталығына апаратын жол жөндеу көрген. Бірақ, қазіргі таңда ойқы-шойқы күйге еніпті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл не деген сұмдық? 3 жылдың ішінде жолдың сұрықсыз күйге енуіне кім кінәлі? Мердігер немесе ауыр жүк көліктері ме? Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, полиция департаментіне, аудан әкімдігіне бұл мәселені кейінге қалдырмай шешуді тапсырамын.
Сұрақ-жауап аяқталғаннан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов көпшілікпен аймақта атқарылып жатқан ілкімді істермен бөлісті. Қазіргі таңда облыста 900 млрд теңгенің 51 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Нәтижесінде алдағы уақытта 7 жарым мыңнан астам теріскейлік жұмыспен қамтылады. Өңірде соңғы 5 жылда жалпы ауданы 1 жарым мың шаршы метр көппәтерлі үй қолданысқа берілген. 80 мыңнан астам жерлесіміз баспаналы болыпты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қазіргі таңда облыста жасанды интеллектіні дамытуға ерекше басымдық берілуде. Заман игілігін қолдану – ғасыр талабы. Биыл облыста 500-ден астам ауыл таза ауыз сумен қамтылды. Мың шақырымнан астам жол жөндеу көріп, 50-ге жуық медициналық мекеме салынды. Жастардың да білім алуына ерекше жағдай жасаудамыз. Соңғы жылдары өңірде 7 мектеп ашылып, 200-ден астамы күрделі жөндеу көрді.
Еңбек адамы – елдің байлығы. Кездесу соңында ауданның дамуына зор үлесін қосып жүрген отбасылар құрметке бөленді.
Нұрасыл Ахмет