Өңір полицейлері 9 айдағы жұмыс қорытындысы бойынша жедел кеңес өткізді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл аймақта қылмыс деңгейі шамамен 15% төмендеген. Әсіресе, ұрлық 31,4% азайды. Ал аса ауыр қылмыстар бойынша ашылу көрсеткіші 100% деңгейінде сақталуда. Дегенмен, кейбір бағытта әлі де күш салу қажет.
ҚҰРМАНҒАЛИ ЫСМАҒҰЛОВ, СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары:
— Қылмыстық құрылымда әлі де интернет-алаяқтық басым. Келтірілген жалпы залал көлемі 1 млрд теңгеден асады. Ал өтелген шығын 300 млн теңгенің үстінде.
Полицейлердің мақсаты – қылмыстарды ашу ғана емес, заңбұзушылықтарды алдын алу шараларын күшейту. Бұл тұрғыда биыл бірнеше оң нәтиже тіркелді. Мәселен, 2 ұйымдасқан «дроповод» тобының қызметі тоқтатылды. Тінту кезінде жалған нөмірлерден қоңырау шалуға арналған байланыс торабы әшкереленді.
ҚҰРМАНҒАЛИ ЫСМАҒҰЛОВ, СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары:
— Алаяқтықтың алдын алу және азаматтарды қорғау үшін креативті тәсілдер ойластыру қажет. Ал есірткі қылмыстарына келсек, бұл бағытта да оң нәтижелер байқалуда.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов негізгі бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, ол ҚР Ішкі істер министрлігінің алқа шешімдерін жеткізді.
Байболат Құлтанов