СҚО әкімдігіҚоғам

Петропавл қаласының әкімі тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады

Петропавлда кезекті мәрте қала әкімі Серік Мұхамедиев бастаған жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен “Ашық есік күні” шарасы ұйымдастырылды. Облыстық кітапхана қабырғасына жиналған халықта есеп жоқ. Ұзын-сонар кезекке тұрған адамдарды әртүрлі мәселе толғандырады. Қабылдауға алғаш жазылған жерлесіміз – Галина Чернышова. Оның Есіл өзеніне жақын орналасқан үйі алдағы уақытта құлауы мүмкін.

ГАЛИНА ЧЕРНЫШОВА, қала тұрғыны:

— Үйімізден 18 метр жерде орналасқан жар біртіндеп құлап жатыр. Бұл мәселе бойынша бірнеше рет әкімдікке жүгіндік. Хат түрінде жауап алдық. Хатта “қаржы жоқ” деп жазылған. Амалын тауып жарды нығайту керек. Әйтпесе алдағы көктемде үйіміз құлауы мүмкін. Жолдасым мүгедек. Біздің қолдан ештеңе келмейді.

Қала әкімі Серік Мұхамедиев ерлі-зайыптыны алаңдатқан мәселені мұқият тыңдады. Бірден жауапты мамандарды шақыртып, тапсырма берді. Жақын күндері үйдің айналасы тексерілмек.

Ал Валентина Брюховец өзінің ғана емес, Батыр Баян көшесінде орналасқан көпқабатты үй тұрғындарының атынан келіп отыр. Тапсырылғанына 40 жыл болған баспаналарының жеделсатысы әбден тозыпты. Адамдар оның ішіне үреймен кіреді екен.

ВАЛЕНТИНА БРЮХОВЕЦ, қала тұрғыны:

— Жеделсаты былтыр ауыстырылуы қажет еді. Бізге уәде берілді. Алайда, су тасқынына байланысты жоспар жүзеге аспады. Оң өзгеріс биыл да орын алмады. Жеделсатымыз әбден тозған. Кейде тоқтап қалады. Сонда егде жастағы адамдар, кішкентай балалар 9-шы қабатқа сатымен мініп-түседі. Бір күні мүлдем істен шыға ма немесе құлап кете ме деп қорқамыз.

Барлығы қаржыға келіп тіреледі. Шаһар басшысы базынамен жүгінген нәзікжандыға ағымдағы жағдайды түсіндірді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

—  Бірден айтайын, жеделсатыларды жаңғырту бойынша облыстан келесі жылға қаржы сұрадым. Өтініш қабылдануы тиіс. Егер қаражат аударылса, ақпан айында кезек негізінде іске кірісеміз. Биыл ақша болмады. Оны жасырудың қажеті жоқ.

Қала әкімімен алғашқылардың бірі болып дидарласқан – Жадыра Байбосынова. Тілдесу барысында азаматша көз жасына ерік берді. Көңілі босайтындай жөні бар. Ол 120 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады, 2 баланы өзі жалғыз асырап отыр. Өкінішке қарай, 11 жастағы қызы – мүгедек. Айлығы азық-түлікке жетпейтін нәзікжанды әкімнен 1 бөлмелі болса да уақытша тұратын баспана сұрайды.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Сізге ұсынатын пәтер жоқ. Біз қазір өзіміздің баланстағы барлық жалдамалы-коммуналды пәтерлерді “Отбасы банкке” беріп жатырмыз. Жаңа ереже бекітілді. Мұндай жағдайда жатақханадан бөлме қарастыруға болады. Бұған қалай қарайсыз? Әрине, балалармен қолайсыз болады. Ертең маған таңғы 9-да келіңіз, мәселені тағы бір қарастырамыз.

Үмітін үзбеген Жадыра Байбосынова келісім берді. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй секторына қатысты болды. Көпшілік әкіммен қауышуды қалады. Дегенмен, кейбір жандар өздерінің базыналарын өзге де атқамінерлерге жеткізіп, шешу жолдарын талқылады.

 

Байболат Құлтанов