Биыл қазақтың бірегей композиторы, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиевтің туғанына – 100 жыл. Қазақ музыкасының шамшырағы, ел мақтанышының мерейтойына орай қалада “Өнеріміз саған, Қазақстан” атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Мұнда ұл-қыздар нар тұлғаның шығармаларын орындайды. Бұл сайыстың өзгелерінен басты ерекшелігі – сахнада өнер көрсететін оқушылар – өзге ұлт өкілдері.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ төрағасы:
— Бұл сайыстың негізгі мақсаты – қазақ өнерін, мәдениеті мен салт-дәстүрін өзге ұлт өкілдері арасында насихаттау. Осылайша төл мәдениетімізді көпшілікке таныстыру. Жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыру.
Байқауға аудандардан 4-ақ оқушы келген. Жастары 14 пен 18 жас аралығында. Сайыс екі номинациядан тұрады. Біріншісі “Дала дауысы” деп аталады. Мұнда қатысушылар Нұрғиса Тілендиевтің әндерін қазақ тілінде орындайды. Келесі кезекте – “Алтын ішектер” номинациясы. Бұл кезеңде оқушылар қазақтың ұлттық аспаптарының бірінде композитордың музыкалық шығармаларын ойнайды. Көптің көңілінен шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қатысушы – Никита Скоба. Домбыраның құлағында ойнайтын бозбала “Әлқисса” күйін орындады. Аспаптың бұл түріне деген қызығушылығы осыдан 3 жыл бұрын оянған.
НИКИТА СКОБА, байқауға қатысушы, Шал ақын ауданы:
— Басында гитарада ойнағым келді. Кейін домбыраның үнін естіп, осы аспапқа деген қызығушылығым пайда болды. Домбырада ойнау машығымды әлі жетілдіріп жатырмын. Түрлі сайысқа қатысамын. Былтыр облыстық байқаудан өтіп, республикалық додада бағымды сынадым. Жалпы, домбыраның үні маған қатты ұнайды, шығарманы орындау кезінде өзімді көрерменмен тілдесіп жатқандай сезінемін.
Байқау соңында өнерлі жастар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақтолқын Солтанханқызы