Қоғам

Қалдықты кәдеге жарата білген жеткіншектердің жарысы

Киім ескіргеннен кейін көбі оны тезірек қоқысқа тастауға асығады. Бірақ, тозды деген дүниені кәдеге жаратудың кілтін тапқан жанның еңбегі мақтауға тұрарлық. Петропавлда оқушылар арасында дизайн және сәндік-қолданбалы өнер бойынша облыстық байқау-практикум өтті. Жас таланттарды жиған сайысқа 40-қа жуық ұл-қыз қатысты. Альбина Құрбанәлі Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылынан келіп отыр. Бұрымдының өнері таңдай қақтырады.

АЛЬБИНА ҚҰРБАНӘЛІ, Подгорное негізгі мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

— Әкемнің бұрынғы әскери етігінен кішкене жүн қырқып алып келдім. Содан қазақи нақыштағы сырға мен алқа жасаймын.

Оқушылар қалдықтан бас киім немесе әшекей бұйым жасауы қажет. Қолданатын дүниелерді өздері әкеледі. Қазылар алқасы автордың идеясының ерекшелігіне баса мән береді.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

— Осы жылы формат өзгертілді. Былтыр мұғалім мен оқушының жұмысын бағаласақ, осы жылы тек оқушылар өздері ғана қатысып жатыр. Себебі, қатысушылар саны артуда. Яғни, облыста сәндік қолданбалы өнердің дамып келе жатқанын көрсетеді.

Байқау соңында еңбегі үздік деп танылған бала Бурабайдағы “Балдәурен” лагеріне жолдама алады.

 

Мәдина Қаби