Шал ақын ауданының орталығындағы академик Е. Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның 7-ші сынып оқушылары енді әр жұма күні тек мұғалімдерден емес, тәртіп сақшыларынан да білім алады. Олар заңнама негіздерін меңгеріп, дене дайындығынан өтеді. Сонымен қатар, жастар аудандық полиция бөлімінің іс-шараларына, құқықтық сауаттылықты арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысады.
Полиция бағытына бейімделген сыныптың ашылуы салтанатты негізде өтті. Бұл – аудан деңгейінде ашылған алғашқы мамандандырылған орын. Оның ішіне жол қиылысының макеті, жаяу жүргінші жолақтары, негізгі жол белгілері, сондай-ақ ІІМ ұраны мен патриоттық құндылықтарды бейнелейтін символдар қойылған. «Жас сақшы» сыныбының ашылуына қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жобаның маңыздылығына тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— «Жас сақшы» жобасы – ІІМ ұйымдастырған, оқушылардың бойында патриоттық рухты, заңға құрметті қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және ерте кәсіби бағдар беруге бағытталған бастама. Бұл – жастарға тәртіп пен әділдікті, ерлік пен азаматтық жауапкершілікті үйрететін шынайы мектеп.
Бұл – өңірдегі үшінші «Жас сақшы» сыныбы. Алдағы уақытта мұндай сыныптар өңірдің өзге де мектептерінде ашылмақ.
Байболат Құлтанов